Мемлекеттік сатып алу жүйесі: Салық көп төлегендерге басымдық беріледі

16 Қаңтар 2019, 16:44
3376
Бөлісу:
Мемлекеттік сатып алу жүйесі: Салық көп төлегендерге басымдық беріледі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы министрлігінде мемлекеттік сатып алу тақырыбында жиналыс өтіп жатыр.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сəбит Ахметовтың айтуынша, бүгінгі жиналыстың басты мақсаты - Мемлекеттік сатып алу заңнамасына енгізілген өзгерістермен таныстыру.

«Қазақстанның барлық өңірінен мекеме өкілдері шақырылған. Басты өзгерістер - біріншіден, мемлекеттік сатып алу саласын жеңілдету. Екіншіден, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың квалификациясын көтеру. Үшіншіден, бір көзден сатып алу үлесін азайту. Жиналыс осы үш проблеманы шешуге бағытталған», - деді Ахметов кулуарда берген сұхбатында.

Маманның айтуынша, 2019 жылдан бастап Мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізілді. Оған сай, бірқатар сала бойынша бағаны бекітілген деңгейден төмендетуге болмайды. Яғни, тым төмен баға ұсынуға болмайды.

Бұған қоса, жұмыс тəжірибесі бірдей мекемелер конкурста қатар келген кезде салық көп төлеген мекеме жеңіске жетеді.

«Бұл елімізде алғаш рет енгізіліп отырған жаңа критерий. Осыған дейін өтінішті бірінші болып берген мекеме жеңімпаз атанған еді жəне бұл жүйеде сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары болған еді. Яғни, енді салық төлеген бірінші болады. Былайша айтқанда, "салық төлеп, конкурстарда жеңіске жетуге болады», - деді ол.

«Сондай-ақ, веб-порталға "бағалар модулі" деген жүйені енгіздік. Бұл жүйеде орташа бағалар көрсетілетін болады. Ол сатып алушылардың орташа бағаны өсіруіне жол бермейді. Бұл да биыл енгізілген өзгеріс», - деп түйіндеді Сəбит Ахметов.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы