Мемлекеттік қызметтегі басшылықта әйелдердің үлесі 40%-ды құрайды

4 Наурыз 2020, 17:28
2071
Бөлісу:
Мемлекеттік қызметтегі басшылықта әйелдердің үлесі 40%-ды құрайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызметтегі гендерлік теңдіктің сақталуы туралы әңгімеледі.

Гендерлік теңгерімді заңмен қамтамасыз ету үшін "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" Заңда мемлекеттік органдардың басшылары ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес олардың мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті екені белгіленген.

МҚІА Мемлекеттік қызмет департаменті директорының орынбасары Думан Әбілев Агенттікте өткен брифингтегі сөз сөйлеуінде мемлекеттік қызметте басқарушы лауазымдарда 9,5 мыңнан астам әйел қызмет ететіндігі туралы ақпарат берді. Бұл басшылардың жалпы санының 40%-ын құрайды.

Д.Абилев.jpg

Бұл ретте әйелдердің лауазымдар бойынша ұсынылуы: министрлердің орынбасарлары – 14,3%, өңір әкімдерінің орынбасарлары – 7,1%; орталық мемлекеттік органдардың комитеттері төрағаларының орынбасарлары мен департаменттердің директорлары – 29,2%; орталық мемлекеттік органдардың аумақтың бөлімшелерінің басшылары – 12,8%; облыстық басқармалардың басшылары – 15,3%; қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары – 15,1%, - делінген таратылған ақпаратта.

Спикердің айтуынша, Агенттік конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізуде, бұл мемлекеттік қызметке түсуге тең мүмкіндік жасаудың маңызды шарты болып табылады.

Мемлекеттік органдарда әңгімелесулердің барысы техникалық жазба құралдарының көмегімен тіркеледі, сонымен қатар кандидаттар да жазу құрылғыларын пайдалана алады.

Кандидаттардан конкурстық комиссияның шешіміне шағым түскен жағдайда заңнаманың сақталуы тұрғысынан тексеру тағайындалады.

2019 жылы жүргізілген конкурстарға 52 144 адам қатысқан, бұл ретте мемлекеттік қызметке кіруге үміткерлердің 24 028-ы әйелдер. Конкурс нәтижесінде тағайындалған әйелдердің үлесі – 46,2% (22 520-дан 10 397).

Жалпы ел бойынша 50 мыңға жуық әйел мемлекеттік қызметті өздерінің кәсіби қасиеттері мен мансаптық үміттерін іске асыру саласы ретінде таңдаған. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 55% құрайды және Италия, Бельгия немесе Испания сияқты ЭЫДҰ елдерінің ұқсас көрсеткішінен асып түседі.

МҚІА өкілі бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілер отбасылық міндеттерін мансаптық мақсаттарымен қоса атқара алады, сондай-ақ өзін-өзі дамыту мен шұғылдануға уақыттарын бөле алатындығын атап өтті. Бірқатар орталық және жергілікті атқарушы органдарда икемді жұмыс кестесі енгізілді. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметте еңбек уақытынан тыс жұмыс істеу айтарлықтай қысқарды.

Мемлекеттік қызметтің қолданыстағы моделі қызметшілерді дамыту және олардың біліктілігін арттыру, қажетті білім мен дағдыларды арттыру үшін кең ауқымды мүмкіндіктерді ұсынады.

Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру барысында гендерлік тақырыпқа назар аударылады. Мысалға, мемлекеттік органдардың кадрлар бөлімдерінің басшыларын оқыту жүйесіне халықаралық оң тәжірибе негізінде әзірленген жұмыс пен отбасын байланыстыру бойынша тақырыптық сабақтар енгізілді. "Мансап және отбасы: теңгерімді қалай сақтауға болады?" тақырыбында шетелдік сарапшыларды тарта отырып семинар өткізілді. Өңірлерде "Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты іске асырудың тұжырымдамасы", "Гендерлік және жастар саясатының іске асырылуы", "Отбасы және гендерлік саясат: өңірлік аспект" тақырыптары бойынша мемлекеттік қызметшілерге арналған біліктілікті арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстары жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы