Мемлекеттік қызметшілерге жасалған сый мемлекет меншігі болып саналады

8 Қазан 2020, 16:10
2056
Бөлісу:
Мемлекеттік қызметшілерге жасалған сый мемлекет меншігі болып саналады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға жасалған сый мен марапат мемлекеттің меншігі болып саналады. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттінің әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Айгүл Базарбаева мәлім етті.

Шенеуніктер мен мемлекеттік қызметшілерге оларға теңестірілген тұлғаларға хаттама жасалатын шаралардан, ресми жиналыстарда жасалған немесе оларды хабардар етпей сыйланған сый мемлекеттің меншігі болып саналады. Және белгіленген тәртіп бойынша Қаржы министрлігіне өткізілуі тиіс. 

Мысалы, мемлекеттік қызметшінің есепшотына оның қатысынсыз түсірілген материалдық сый оны анықтаған күннен кейін екі аптада республикалық бюджетке аударылуы тиіс. Мұндай жағдайда түсініктеме жазылады. Ал сыйлық 7 күннің ішінде Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне өткізілуі тиіс. Қандай да бір қызмет көрсетілсе, бюджетке оның ақысы 7 күнтізбелік күн ішінде аударылуы қажет, - деді ол.

Бұған дейін сыйлықтарды сақтау мен басқару жергілікті атқарушы органдарға жүктелсе, ендігі кезекте бұл міндет Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне артылып отыр. 

Мемлекеттік қызметшілер мен оған теңестірілген тұлғаларға қалаған жағдайда сол сыйды мемлекеттен сатып алу құқығы берілді. Ол үшін өз қалталарынан оның құнын төлейді. Ал баға «Бағалау қызметі туралы» Заң шеңберінде жүзеге асырылады. 

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 6 қазанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңына қол қойды. Өзгерістер еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен жазаны қатаңдатуға бағытталған. Осы заң негізінде еліміздің 3 кодексі мен 10 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.


Өзгелердің жаңалығы