Ақмолалықтар мемлекеттік қызметтердің сапасына оң баға берді

11 Шілде 2019, 17:37
1683
Бөлісу:
Ақмолалықтар мемлекеттік қызметтердің сапасына оң баға берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысында «Цифрлық агент» ұялы бағдарламасы арқылы осы жылдың ішінде азаматтар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына 1168 рет баға берді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Әділбек Мұхамеджановтың айтуынша, барлық өтініштер ішінде теріс баға берілген шағымдардың үлесі 16 немесе 1,3%-ды құрайды. Олардың ішінде 8 шағым тестілеу режиміндегі бағдарламаны әзірлеушілердің берген бағасы. 4 шағым бойынша теріс баға берудің себептері болған мәселелерді шешуге ықпалдастық көрсетілді. Қалған 4 шағым қателіктен жіберілген.

Осыған қарамастан, келіп түскен өтініштердің 1152 немесе 98,7% оң баға болуы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасын көрсетіп отыр.

Естеріңізге салар болсақ, бүгінгі таңда әрбір азамат «Цифрлық агент» ұялы бағдарламасы арқылы онлайн режимде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына баға беріп, өзінің пікірін қалдыра алады.

«Ол үшін смартфонға «Цифрлық агент» ұялы бағдарламасын орнатып, ұялы телефон нөмірі арқылы тіркелу қажет. Қазіргі уақытта бағаны Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, Қарды министрлігінің, Еңбек министрлігінің, сонымен қатар сот органдарының аймақтық құрылымдарына беруге болады. Барлық мемлекеттік органдарды осы бағдарламаға енгізу жұмыстары әлі жүргізілуде», - дейді Әділбек Мұхамеджанов.

Аталған бағдарлама арқылы баға бергеннен соң 2 минут ішінде бағаланған мемлекеттік органның қызметкерлері хабарласып, шағымданушының білдірген мәселесі бойынша тиісті шаралар қабылдайды. 

Өзгелердің жаңалығы