Бас жаңалықтар
Мемлекеттік қорық ардагері: Осы стелланың қойылуын 20 жыл армандадым
13 Тамыз 2019, 14:51 778

Мемлекеттік қорық ардагері: Осы стелланың қойылуын 20 жыл армандадым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы аумағында қоқиқаз бейнеленген стелла ашылды.


Шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті мен «Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау» корпоративтік қорының өкілдері қатысты.


«Құрметті қонақтар, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына қош келдіңіздер! Біздің басты іс-шарамыз – ERG компаниясы Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығын қорғау мақсатында көмек бергелі отыр. Тағы бір себеп – Қорғалжын ауданының символына айналған қоқиқаз құсы мен керемет табиғатын көрсету. Бүгінгі шараны ұйымдастыруға атсалысып, қолдау білдірген әріптестеріме, «Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау» корпоративтік қоры мен ERG компаниясына комитет, министрлік атынан алғыс айтамын. Бүкіл жануарлар әлемін сақтауда тиісті мемлекеттік органдар ғана емес, үлкен компаниялар, қоғамдық ұйымдар және қоғам болып атсалыссақ, табиғатты сақтауда күшіміз, рөліміз зор болар еді», - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Шараның ашылу рәсімінде сөз алған «Қазақстанның биологиялық алуан түрлігін сақтау» корпоративтік қорының жетекшісі Асылхан Асылбеков табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналатын ERG (Eurasian Resources Group) компаниясы туралы айтты.


«Елордамызға ең жақын орналасқан қорық – Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы. Бұл жерге қала тұрғындары мен қонақтары көп келеді. Бүгінгі таңда бюджетті толыққанды қаржыландыру үшін 53% жетпейді. Бізде тікұшақ, дрон сияқты техникалар жоқ. Осы орайда қорықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға көмектесіп келе жатқан ERG компаниясына алғыс айтқым келеді. Биыл осы компанияның қолдауымен 2 мотоцикл, 3 өртке қарсы мотопомпа жиынтығы, 3 өрт сөндіруге қажетті резервуар, фотообъектив пен штатив, дүрбілер мен арнайы фотоқақпандар сатып алынды. Мұның бәрі табиғатты бақылап, қорғау үшін қажетті заттар. Сондай-ақ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне алғыс білдіргім келеді. Бюджетте қаражат аз болғанына қарамастан табиғатты қорғау бойынша көптеген шаралар өткізілуде. Сондай-ақ, біздің басқа да демеушілерімізге алғыс айтамын. Ең бастысы – осы қорық қызметкерлеріне алғыс айтамын. Шынын айтқанда, 60-70 мыңдық қана жалақыға өз жұмысын, табиғатты шын жүрегімен жақсы көретіндер ғана жұмыс істей алады. Олар далада тәуліктеп жүріп жұмыс істейді», - деді ол.

Сонымен қатар, «Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау» корпоративтік қорының жетекшісі өмір жолын қорық қорғауға арнап, зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерді марапаттады.


«Құметті халайық, мен осы мемлекеттік табиғи қорықты 20 жылдан астам уақыт бойы басқардым. Бүгін ашылатын стелла туралы 20 жыл бойы ойлап келдім. Ол стеллада киік пен дала қабаны бейнеленсе деп армандап едім, бірақ қаражаттың болмауына байланысты бұл ойым жүзеге аспады. Жалақымыз 30-50 мың теңге аралығында еді, содан бері айтарлықтай ештеңе өзгере қойған жоқ. Қорық аумағында Дінмұхамед Қонаевтың саяжайы бар еді, соны біз мемлекеттен бір тиын алмай, өз күшімізбен қалыпқа келтірдік. Қорғалжын – ЮНЕСКО тізіміне табиғи мұра ретінде кірген Қазақстан аумағындағы алғашқы қорық. Тізімге кіргізу үшін бірнеше мемлекетке барып, айтатынымызды айтып, біраз күш салдық. Енді қалғаны бүгін салтанатты түрде ашылатын стелла еді. Осы стелланың ашылуына атсалысқан барлық азаматқа алғыс айтамын. Еңбектерің жемісті болсын, айналайындар», - деді мемлекеттік қорық ардагері Мұрат Серікұлы.

Шара барысында мемлекеттік табиғи қорығының директоры Асқар Сексембиев стелланың ашылуына үлес қосқан азаматтарға Алғыс хат берді.

Сәулетші Ярослав Антонюк қоқиқаздар бейнеленген композиция арқылы Қорғалжын табиғи қорығының әсемдігін, ерекшелігін көрсеткісі келгенін айтты.


«Қоқиқаз – бұл қорықтың визиткасы деуге болады. Сол себепті ең алдымен осы құсты бейнеледік. Одан кейін жұмыртқа тәрізді шар қойдық. Африкадан ұшып келетін құстар осында ұя салып, бір-екі жұмыртқадан басып шығарады. Жобаны жасап шығару үшін бетон, металл және өзге де құрылыс материалдарын қолдандық», - деді жоба жетекшісі.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық