Мемлекеттік орталық – отандық кинематографияның даму негізі

1 Шілде 2019, 17:51
2218
Бөлісу:
Мемлекеттік орталық – отандық кинематографияның даму негізі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. XV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің аясында ҚР «Кинематография туралы» Заңы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының таныстырылымы өтті.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры – жауапты хатшының міндетін атқарушы Күміс Сеитова мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма басшысы Андрей Хазбулатов қатысты. 

«Барлық дамыған елдерде мемлекеттік кино саясат жеке заңнама арқылы реттеледі. Жобаны әзірлеу барысында Франция, Германия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Корея және т.б. жетекші өндіруші елдер заңнамасының оң тәжірибесі негізге алынды. Киноиндустрия барлық прогрессивті елдер үшін кинематографқа қатысы бар экономика, қызмет, ойын-сауық, отандық және халықаралық туризмнің барлық салаларын қамтитын мультипликативтік әсерді тудырады», - деді Күміс Сеитова.

Сонымен қатар, ведомство басшысы ҚР «Кинематография туралы» Заң аясында іске асқан басты нормалар туралы айтты.

Нақтырақ айтатын болсақ, бірыңғай оператор қызметін атқаратын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының құрылғаны, фильмдерді қаржыландырудың жаңа моделінің енгізілгенін, киножинақтаманы цифрлау мен тарату және оны сақтауға бағытталған Мемлекеттік фонд статусының анықталғанын айтты. Ол сондай-ақ, Қазақстанға әкелінетін фильмдерді қазақ тіліне аударудың міндеттелгенін, фильмдердің классификациясының белгіленгенін, ал ең бастысы, шетелдік киноөндірушілерге субсидия беру механизмі – рибейттің енгілізігенін және де отандық кинематографияның дамуына бағытталған қосымша преференциялардың барын баса айтты.

«ҰКҚМО» КАҚ басқарма басшысы Андрей Хазбулатов өз кезегінде, ұйымның негізгі бағыты ұлттық киноға қолдау білдіру, оны әлемдік нарыққа шығару және Қазақстан киноөндірісіне инвестиция әкелу екенін айтты. Және Орталық ұлттық кино деп танылуға үмітті киножобалар және ұлттық киноларға мемлекеттік қаржылай қолдау жасайтын және кинематография саласында субсидия беруді іске асырады.

Таныстырылым аясында Андрей Хазбулатов Орталықтың жұмысы туралы жете айта отырып, мемлекеттік қолдау механзиміне тоқталды. Бірінші ретте өтінімдерді қабылдау және питчингі ұйымдастыру – кеңесші орган саналатын Сараптама кеңесінің алдында киножобаны қорғау. Сараптама кеңесінің қорытындысынан кейін, жобаның идеологиялық құндылығы мен экономикалық пайдасы анықталған соң, ұлттық фильм талаптарына сәйкестігін анықтау үшін ұлттық фильмдерге қаржылай қолдау білдіру жөніндегі Ведомствоаралық комиссияға жіберіледі. Бұдан кейін, сарапшылардың қорытындысы мен ведомствоаралық комиссияның бағасын алған өтінімдер ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жіберіледі, содан соң республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жолданады.  Байқау іріктеуінен өткен киножобалар тізімі анықталған соң Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы келісім шарт негізінде әр жобаға кезеңімен қаржы бөлетін болады.

Мемлекеттік орталықтың жұмысынан бөлек Андрей Хазбулатов қызметкерлер құрамына да тоқталды. Оның айтуынша, орталыққа жоғары квалификациялы топ-менеджерлер, еңбегі сіңген кинематографистермен қатар, кино саласындағы креативті жас мамандар топтастырылған.

Презентация соңында басқарма басшысы жақын болашаққа арналған жоспарын айтты:

«Біз кино саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізетін бірыңғай оператормыз. Қысқа мерзімде  ауқымды міндеттерді – кинематографияны индустриаландыруымыз қажет. Бұл кинематографияны экономикалық тиімді салаға айналдыруға ыұпалын тигізеді. Біздің дәстүрі қалыптасқан кинематографымыз бар, алайда қазір киноиндустрияны дамыту маңызды. Келешегі бар фильмдерді мақсатты түрде инвестициялау арқылы және  заманауи киноөндірісті қолдана отырып, келешекте отандық студиялардың сала мейджорларына айналып, әлем кинематографиясына еніп кетуіне жағдай жасауды көздейміз» - деді ол.  

Таныстырылым аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы «ТатарКино», «Беларусьфильм», «Өзбекфильм», «Сахафильм»,  «Қырғызфильм» атты киностудиялармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар киноөндірістің технологиялық үдерістерінде, кинотүсірілімдер кезінде, тараптардың кинофестивальдерге, форумдарға және кинонарыққа қатысуына, аталған салада тәжірибемен алмасу және бірлескен жобаларды іске асыруда мамандарды тартуға, халықаралық және мәдени байланысты орнату үшін ынтымақтастық етуге келісті.

Андрей Хазбулатов аталған ынтымақтастық туралы келісімді Еуразия елдері кинематографиясының дамуына және елдер арасындағы достықтың нығайуына бағытталған маңызды қадам екенін айтты.  

Фестивальдің соңына қарай голливудтық студиялармен де  Қазақстанға инвестиция әкелуге бағытталған және бірлескен жобаларды іске асыруға арналған келісімдерге қол қойылады деп жоспарланып отыр.
Өзгелердің жаңалығы