Мемлекеттік органдардың 310 сайты бірыңғай платформаға біріктіріледі

25 Маусым 2020, 11:12
1556
Бөлісу:
Мемлекеттік органдардың 310 сайты бірыңғай платформаға біріктіріледі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жоба мемлекеттік органдардың сайттарын сүйемелдеу мен қолдауға арналған бюджет қаражатын 2 млрд теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді және сайттардың  қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни азаматтар үшін ыңғайлы форматта қолжетімді болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев өткен аптада халық алдында есеп беріп, 2019 жылы атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтердің 82%-ы автоматтандырылған және электрондық форматта 54 млн астам қызмет көрсетілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіру жөнінде тапсырма берген еді. Министрлік бұл бағыт бойынша жұмыстар үздіксіз жүріп жатқанын мәлімдеді.

Қазір елімізде "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы іске асырылуда. Ол "Экономика салаларын цифрландыру",  "Цифрлық мемлекетке көшу", "Цифрлық жібек жолын іске асыру", "Адами капиталды дамыту" және "Инновациялық экожүйені құру" сынды негізгі бес бағыт бойынша жүзеге аспақ. Яғни цифрлық технологияларды қолдану арқылы Қазақстан тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттыру көзделген.

Министр осы уақытқа дейін қызметтерді автоматтандыру үшін қажетті 344 интеграция іске асырылғанын және биыл тағы 100-ден астам интеграцияны аяқтайтындарын жеткізді.

Қазіргі уақытта ақпараттық жүйелердің интеграциясының арқасында 5 анықтама қағазы алынып тасталған. Оның ішінде мекенжай анықтамасы да бар. Одан өзге кезекте тағы 25 анықтама бар алдағы уақытта талап етілмейтін болады.

Қабылданған шаралардың арқасында сұратылған құжаттардың саны орташа алғанда 6 данадан 4-ке дейін немесе 30%-ға қысқарды және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 31 күннен 10 күнге дейін 3 есеге қысқарған.

Сонымен қатар, үдерістерді цифрландыру және қызметтерді электрондық форматқа көшірудің арқасында ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін тіркеу 1 жұмыс күнінен 1 сағатқа дейін қысқартылған.

Министр өткен жылы электрондық форматта 54 млн-нан астам қызмет көрсетілгенін айтты. Одан бөлек  төтенше жағдай басталғаннан бері азаматтар 17 млн-нан астам электрондық мемлекеттік қызмет алған. Яғни электрондық форматта күн сайын алынатын қызмет 3 есеге артқан. ЭЦҚ-ны қашықтан алу шаралары қолға алынып, бүгінде 650 мыңға жуық азамат ХҚКО-ға бармай-ақ ЭЦҚ алған.

Өзгелердің жаңалығы