ШҚО-да мемлекеттік орган басшыларының цифрлық сауаттылығы арттырылуда

28 Мамыр 2019, 19:07
1969
Бөлісу:
ШҚО-да мемлекеттік орган басшыларының цифрлық сауаттылығы арттырылуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Шығыс Қазақстандағы мекемелер мемлекеттік қызметтің 70%-дан астамын электрондық түрде көрсеткен. Бұл жөнінде бүгін ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.   

«2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мекемелері 7 630 376 мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның 19,2%-ын қағаз түрінде көрсеткен. 7,7%-ы Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы берілген. Ал қалған 73,1% қызмет электрондық түрде көрсетілген. Мемлекеттік қызмет түрлерінің электрондық түрде көрсетілу көрсеткіші жыл санап өсіп келеді. Осы арқылы қызмет көрсету саласындағы тұрмыстық жемқорлықтың орын алуы азаюда», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы. 

Жауапты тұлғаның айтуынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында да бұл көрсеткіш 70%-дан асып жығылған. Бұдан бөлек, Департамент «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясымен бірлесе отырып өңір тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алушылар үлесін арттыру бағытында жұмыс істеуде. 

«Биыл мемлекеттік және квазимемлекеттік салалар жұмысшыларының электрондық қызмет алу мүмкіндігін арттыру мақсатында Өскемен қаласындағы «Цифрлық ХҚКО» базасында 100-ден астам мемлекеттік органдар басшыларын «Электрондық үкімет» порталын қолдану бойынша оқудан өткіздік. Бұл шара өз кезегінде кейінгі санаттағы жұмысшылардың ақпараттық жүйелерді қолдану көрсеткішін өсіріп, кеңсе мен басқа да бөлімдердегі салмақты азайтады», - деп қосты департамент басшысы.
    
                           

Өзгелердің жаңалығы