Бас жаңалықтар
Әлеуметтік осал топтан шыққан бала мемлекеттік грантқа үміткер бола ала ма?
21 Сәуiр 2021, 16:08 187

Әлеуметтік осал топтан шыққан бала мемлекеттік грантқа үміткер бола ала ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы Жанна Есінбаева мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан балалар үшін гранттар қалай бөлінетіні туралы айтып берді.

Басқарма басшысы атап өткендей, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру кезінде министрлік тарапынан арнайы топтар үшін гранттар бөлінеді.

Атап айтқанда, жыл сайын І, ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектігі және мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін арнайы гранттар бөлінеді. Сондай-ақ жетім, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін де гранттар бөлінеді, - деді ол.

Жанна Есінбаеваның сөзінше, биыл «Білім туралы» заңға жаңа норма енгізілді.

Бұл норма кәмелетке толмаған 4 немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасындағы балалар үшін және кемінде 3 толық емес отбасындағы балалар, сондай-ақ, бала кезінен мүгедек балаларды, І, ІІ топтағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар үшін арнайы гранттарды бөлуге мүмкіндік беріп отыр. Жыл сайын осындай санаттағы азаматтар үшін гранттар бөлініп отырады, - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Бұл санаттағы азаматтар үшін мемлекеттік білім беру тапсырысына санатына байланысты 1%-дан 10%-ға дейінгі грант көлемі қарастырылған.

Жаңадан енгізілген нормалар бойынша осы жылы инженерлік бағыттағы мамандықтарға шамамен 17 мыңнан астам грант бөлінеді. Осы 17 мың гранттың 850-ге жуығы көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін қарастырылып отыр.

БҒМ өкілінің айтуынша, бұл гранттар 4 жылдық оқу шығындарын өтейді.

Осы ретте басқарма басшысы грантты бөлу тәртібі қалай жүзеге асырылатынына тоқталды.

Грант беру конкурстық негізде жүзеге асырылады. Ол ҰБТ тесті нәтижесіне байланысты. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша балалар осы жылы шілдеде конкурсқа құжаттарын тапсыра алады. Сол конкурстың негізінде грант беріледі. Әр ЖОО-ға түсудің өз шектік балдары болады. Сондай-ақ ұлттық ЖОО-ға және бағытына байланысты арнайы орнатылған шектік балдар бар, - деп атап өтті Есінбаева.

Бүгінгі күні ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау басталды.

Ал ҰБТ нәтижесі бойынша мемлекеттік грантты қажет ететін осал топтан шыққан балалардың жалпы саны шілдеде белгілі болады. Бірақ соңғы мәліметтер бойынша көпбалалары отбасылар санаты бойынша көрсеткіштер 7%-ға артып отыр, - дейді ол.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына гранттар бөлініп келеді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...