Мемлекеттік бюджет кірістері 8 трлн теңгені құрады

11 Ақпан 2019, 15:39
2885
Бөлісу:
Мемлекеттік бюджет кірістері 8 трлн теңгені құрады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында 2018 жылы бюджетке түскен кірістер туралы баяндады. 

«Есепті қаржы жылында бюджеттің барлық деңгейлері бойынша жоспарланған кіріс мөлшері артығымен орындалды. Шоғырланған бюджет – 102,6%, Ұлттық қор – 102,3%, республикалық бюджет – 102,3% және жергілікті бюджеттер – 102,8%. Мемлекеттік бюджет кірістері 8 208 млрд теңгені немесе жоспардың 102,4% құрады. Республикалық бюджет 5 849 млрд теңгемен толықты. Бұл жоспардан 130 млрд теңгеге және 2017 жылмен салыстырғанда 836,3 млрд теңгеге артық. Жоспардың артық орындалуы негізінен 214 млрд теңге мұнайға экспорттық кеден бажы есебінен, металдың орташа бағасының 6,5% ұлғаюына байланысты, 46 млрд теңге көлемінде пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен болды», - деп атап өтті Смайылов.

Министр 2017 жылмен салыстырғанда корпоративтік табыс салығы және қосылған құн салығы бойынша түсімдер өсімі тиісінше 148,8 млрд теңгені және 370 млрд теңгені құрағанын айта кетті. 

«Жергілікті бюджеттің кірістері 2,4 трлн теңгені құрады. Бұл 2018 жылға жоспарланған межеден 64 млд теңгеге көп. 2017 жылмен салыстырғанда жергілікті бюджеттердің кірісі 218 млрд теңгеге ұлғайды. Түсімдердің өсімі елдегі орташа айлық жалақының өсуіне байланысты жеке табыс салығы және әлеуметтік салық есебінен қамтамасыз етілген», - деді ол.

Еске сала кетсек, Қаржы министрі 2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетті толық игермеген министрліктерді атаған болатын.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы