Қазақстанның мемлекеттік борышы 15,3 трлн теңгені құрады

21 Мамыр 2019, 12:29
3192
Бөлісу:
Қазақстанның мемлекеттік борышы 15,3 трлн теңгені құрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенатта ҚР Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» есептері таныстырылды.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Есеп комитетінің қорытындысын назарға ұсынды.

«Мемлекеттік борыш және квазимемлекеттік сектордың борышы қауіпсіз шектерде қалып отыр. Қарыздардың негізінен шикізат саласына тартылатыны соншалықты жақсы деп ойламаймыз. Атап айтқанда, барлық сыртқы борыштың 52%-ы (82 млрд доллар) тау-кен өндіру өнеркәсібіне тиесілі. Оның ішінде негізгі үлесі - 75,7 млрд доллар экономиканың мұнай-газ секторына тиесілі. Көлік секторының сыртқы борышы 11,5 млрд долларды құрады. Бұл борыш құрылымының 7%-ы. Алайда оның жартысынан көбі құбыржол көлігіне немесе мұнай-газ секторына тиесілі. Мұнай-газ және тау-кен өндіру компаниялары өздерін дамыту үшін мемлекет кепілдігінсіз өздері де қарыз ала алатын шығар», - деді Наталья Годунова. 

Комитет басшысының мәліметінше, борыш құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі бар болғаны 7%-ды, құрылыс 2%-ды құрайды. Квазимемлекеттік сектордың жалпы борышы 2018 жылы 36,2 млрд теңгеге немесе 0,3%-ға өскен.

Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік борыш есепті жылдың соңында 15 трлн 387 млрд теңгені құрағанын айтты. 2017 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1 трлн 883 млрд теңгеге өскен. Негізгі себебі - бюджет тапшылығын қаржыландыру және теңге бағамының шетел валюталарына қарағанда әлсіреуі.


Өзгелердің жаңалығы