Мемлекеттік басқару академиясы ауыл әкімдерінің жобаларын таныстырды

31 Қаңтар 2019, 14:22
3486
Бөлісу:
Мемлекеттік басқару академиясы ауыл әкімдерінің жобаларын таныстырды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылғы 12 қараша мен 26 желтоқсан аралығында «Жергілікті өзін-өзі басқаруды трансформациялау» жобасы аясында Академияның филиалдары базасында ауылдық округтердің 735 әкімі оқытылған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару  академиясының вице-ректоры Альтаир Ахметов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, оқыту жергілікті өзін-өзі басқарудың қазіргі заманғы проблемаларын шешу, әлеуметтік көрсеткіштерді арттыру салық салу базасын кеңейту бойынша ауылдық  округ әкімдері қызметінің нақты нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған. Оқыту шеңберінде әкімдер ауылдық округтер тұрғындарының жергілікті проблемаларын шешуге бағытталған, атап айтқанда қоқыс шығару, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту, сумен жабдықтау, көшені жарықтандыру бойынша озық технологияларды енгізу, өңірлерді газдандыру және тағы да басқа көптеген мәселелер бойынша 319 жоба әзірледі.

Ол брифингке келген БАҚ өкілдеріне парамен ұсталған мемлекеттік қызметшілер туралы «сенсациядан» гөрі халық үшін жұмыс істеп, олардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған жобалар әзірлейтін әкімдерге назар аударуды сұрады. 

«Мен түсініп отырмын, сіздер дәлді ақпарат үшін келіп отырсыздар. Ол ақпаратты соңына қарай қалдырған шығар. Сіздерге «атышулы» деректер керек екенін білемін. Бұл қалыпты жағдай. Кімді қамады, қанша ұрлады деген ақпаратты беру керек, халық білуі тиіс. Бірақ өз кезегінде мемлекеттік қызметші туралы жағымсыз ақпараттар басым болып кетеді. Біз академиямен бірлесе халық туралы ойлайтын және нақты жобаларды әзірлейтін, адамдардың өмірін жақсартатын қарапайым ауылдық округ әкімдерін үлгі етіп көрсетейік дедік», - деп айтты Ахметов. 

Ол мысал ретінде қазіргі уақытта жүзеге асырылған және болашақта іске қосылатын келесідей жобаларды атады.

«Денисов ауданының Денисов ауылдық округінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызметті жүзеге асыратын кәсіпорын құру» жобасын 2018 жылдың маусым айындағы оқу қорытындысы бойынша осы ауылдық округтің әкімі В.В. Наконечный әзірлеген. Қазіргі уақытта жоба бизнес-субъектімен әріптестікте іске асырылып, оны кеңейту көзделген.

«Круглоозерный кентінде көппәтерлі тұрғын үй салу» жобасы, жобаның жетекшісі – Нуршинов Кенесары Бекболатұлы, Круглоозерный кентінің әкімі, БҚО. Тұрғын үй бірінші кезекте жергілікті тұрғындарға бөлінетін болады. Пәтерлер бағасы бір шаршы метрге шамамен 140-145 мың теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан әлдеқайда төмен. Құрылыс жұмыстары 2019 жылғы 15 сәуірде басталады және жыл соңында аяқталады деп күтілуде.

«Тереңкөл ауылы тұрғындарының азаматтық белсенділігін арттыру» жобасының жетекшісі – Айтышев Данияр Дәуренұлы, Тереңкөл ауылдық округінің әкімі, Павлодар облысы. Жоба жүзеге асырылды. Жоба нәтижесі бойынша Тереңкөл ауылының Мәдениет үйінде өз күштерімен жұмыс істейтін үйірмелер, волонтерлер тобы пайда болды, аудан орталығында автомобильшілер қозғалысы құрылуда.

«Жүнді бастапқы өңдеу бойынша өндірісті құру» жобасы, жоба жетекшісі – Кәрімова Гүлсім Ербатырқызы, Қызылжар ауылдық округінің әкімі, СҚО. Жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық тиімділік - 10 жұмыс орнын құру, жыл сайын шамамен 1 млн теңге ЖТС-тің бюджетке түсуі. Жоба іске асырылу кезеңінде тұр.

«Сумен жабдықтау құрылыстарының жүйелерін қайта құру» жобасы. Жобаның жетекшісі – СҚО Қызылжар ауданы Соколов ауылдық округінің әкімі, Сейітов Әскер Сепенұлы. Жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық тиімділік - жыл сайын бюджетке 8 960 800 теңгенің түсуі, 2020 жылдың соңына дейін 1010 түтіні бар Сколов ауылы тұрғындарының орталықтандырған сумен жабдықтау қызметіне қолжеткізуін қамтамасыз ету.
«Жеміс өнімдерін қайта өңдеу зауытын салу» жобасы. Жоба командасы – Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі, Алматы облысының (Асы, Қаражота, Қазақстан, Бәйдібек би, Қаракемер, Балтабай, Қырбалтабай) ауылдық округтері әкімі аппараты. Жоба шеңберінде тұрақты жұмыспен 100 жұмыс орнын қамтамасыз ету, 3-4 деңгейдегі бюджетті 1.8 есе арттыруға салықтық түсімдермен толықтыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта жоба іске асыру сатысында тұр.

«Қоқыс жинау пунктін ұйымдастыру» жобасы. Жоба жетекшісі Аққайың ауданы Смирнов ауылдық округінің әкімі, СҚО – Раимбеков Еркебұлан Ермекұлы. Жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық тиімділік – 15 жұмыс орнын құру, жыл сайын бюджетке 10-15 млн. теңге түсуі. Жоба іске асыру процесінде тұр. Инвестормен кездесу болып өтті.

«Жасыл технологиялар: көшені жарықтандыруды жаңғырту» жобасы. Жоба жетекшісі – Қарағанды облысы Теміртау қаласы Ақтау кентінің әкімі Ақыбаев Тимуржан Уакитұлы. Жоба 2018 жылы іске қосылды. Жоспарланған іске асыру мерзімі – 2020 жылдың басы.

«Әр жоба жүрекпен жасалған.  Мемлекеттік қызметшілердің халық үшін алаңдап, уайымдайтынын, резервтер мен ресурстардың жоқтығына қарамай тырысатынын, ұмтылатынын көреміз. Осындай елін жақсартуға ұмтылып, халық үшін жаны ауыратын мемлекеттік қызметшілердің бары туралы пікір қалыптастыруымыз керек. Елді жақсартуға, дамытуға үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілер – қарапайым ауылдық әкімдерін көрсете білуіміз қажет. Егер де осы кісілер сіздерге қызық,  болса ақпарат бердім. Сол кісілермен кездесіп сұхбаттасуға болады. Халыққа оларды көрсетуіміз керек», - деп сөзін түйіндеді ол.
Назерке Абибулла
Өзгелердің жаңалығы