Мемлекет басшысы Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына қатысады

27 Мамыр 2019, 12:07
1670
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін алдағы оқиғалар аңдатпасын жариялады.

Биыл 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысы өтеді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Армения Республикасының премьер-министрі Н.Пашинян қатысады.

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет басшысы ретінде Молдова Республикасының Президенті И.Додон және құрметті қонақ ретінде Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон қатысады деп күтілуде.

Жиында мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ жұмысының өзекті мәселелерін және одан әрі дамудың перспективаларын, соның ішінде цифрлық күн тәртібі мен Одақтың халықаралық қызметінің негізгі бағыттарының жүзеге асырылуын қарастырады. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттарын талқылайды.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының – Жоғары Еуразия экономикалық кеңесі мүшелерінің Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай бірлескен мәлімдемесі қабылданады, сондай-ақ, бірқатар халықаралық құжатқа қол қойылады деп жоспарлануда. 


Өзгелердің жаңалығы