Бас жаңалықтар
Мемлекет басшысы бірқатар облыс әкімін қабылдады
27 Мамыр 2019, 21:07 520

Мемлекет басшысы бірқатар облыс әкімін қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановты, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевты, сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

Ерлан Қошанов кездесу барысында мемлекет басшысына өңірдің биылғы 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлары жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтарының, соның ішінде көпбалалы отбасылардың мәселелерін шешу үшін Қарағанды облысында қабылданған шаралар туралы баяндалды.

Сонымен қатар, Ерлан Қошанов ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде айтты.

Қазақстан президенті облыс әкіміне өңірге тартылатын инвестиция көлемін артырып, өнеркәсіп өндірісінің өсімін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, облыс орталығы мен ірі қалаларда тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым салу қарқынын жеделдетуді тапсырды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевты да қабылдады.

Мемлекет басшысына Қызылорда облысын 2022 жылға дейін кешенді дамыту жоспарының негізгі қол жеткізілген көрсеткіштері туралы есеп берілді. Сондай-ақ, әкім Қазақстан Президентінің өңірге жұмыс сапары барысында берілген тапсырмаларының орындалуы барысы туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыс халқының әл-ауқатын арттыруға және өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған тиімді шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.

Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевті қабылдады.

Қазақстан президентіне Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ, өңір басшысы Өмірзақ Шүкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан қаласындағы құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі нысандарын салу барысы жөнінде баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы әкімдерге бірқатар нақты тапсырма берді. 




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...