Мемлекет басшысы бірқатар кездесу өткізді

17 Қаңтар 2020, 13:12
1546
Бөлісу:
Мемлекет басшысы бірқатар кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ақорда" резиденциясында жазушы-драматург Роза Мұқанова мен Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ақан Бижановты қабылдады.

ҚР президентінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Роза Мұқанова мемлекет басшысына Қазақ ұлттық өнер университетінің жас мамандарды даярлау бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайында айтты. Әңгімелесу барысында отандық драматургия мен театр өнерін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Ақан Бижанов президентке Философия, саясаттану және дінтану институтының жұмысы туралы баяндап, Қазақстан ғылымының, идеологиясы мен мәдениетінің қазіргі ахуалы мен даму перспективалары жөніндегі ой-пікірімен бөлісті, - делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, кездесу кезінде Әл-Фарабидің 1150 және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын өткізуге дайындық мәселелері сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды әлеуметтік-саяси жаңғырту, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру барысында Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының ғылыми және рухани мұраларын негізге алудың маңызды екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы