Мемкіріс комитеті әуежайдағы Түркиядан әкелінген аппараттарға қатысты жауап берді

14 Шілде 2020, 17:03
1044
Бөлісу:
Мемкіріс комитеті әуежайдағы Түркиядан әкелінген аппараттарға қатысты жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желілерде "Түркиядан жеткен 125 тыныс алу аппараты елорда әуежайының қоймасында жатыр" деген видео тарады.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 14 шілдесінде сағат 02.30-да Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына Түркиядан гуманитарлық жүк келді. Жүкті алушылар "СК-Фармация" ЖШС, "Айдың Нұры" қайырымдылық қоры, "Отандастар" қоры болып табылады.

12 тоннадан астам жүктің ішінде дәрі-дәрмек, медициналық қорғаныс құралдары және өкпені желдету аппараты бар.

Ұшақтағы жүк 14 шілдеде сағат 04.00 шамасында түсірілді. Кейіннен жүк әуежай қоймасына орналастырылды.

Сағат 10.00-де тауар алушылардың өкілдері келгеннен кейін жеңілдетілген тәртіпте кедендік рәсімдеу жүргізілді. Дәл сол күні сағат 10.10-да барлық кедендік рәсім аяқталды. Сағат 11.00-ге таман жүк әуежайдан бірнеше партиядан әкетілді.

Сертификаттауға жататын тауарларды әкелу барысында кедендік ресімдеу үшін рұқсатнама құжаттарын ұсыну қажеттігін атап өткен жөн. Себебі, біздің азаматтардың өмірі мен денсаулығы медициналық препараттар мен бұйымдардың сапасына тікелей тәуелді. Ал бұл ең маңызды. Сапасыз препараттар мен бұйымдарды қолдану, пандемия кезінде қосымша қауіп-қатер тудырады, деп мәлімдеді комитет.

Комитеттің хабарлауынша, барлық кеден бекеті тәулік бойы жұмыс жасайды. Онда қажетті құжаттарды ұсыну жөнінде кеңес беруге көмектеседі.

Мемлекеттік кірістер органдары тауарларды жедел кедендік ресімдеуге күш салып отыр. Қажетті құжаттар ұсынылған кезде, гуманитарлық көмек дереу шығарылады. Кәсіпкерлік субъектілерін және қоғамдық бірлестіктерді қандай да бір түсінбеушіліктерді, толқуларды болдырмау мақсатында қажетті кеңес алу үшін алдын ала жүгінуді сұраймыз. Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитетінің call-орталығына 1414, 8-800-080-7777 байланыс телефондары бойынша жүгінуге болады, - деп атап өтті ведомство.

Өзгелердің жаңалығы