Бас жаңалықтар
Мемқызмет агенттігінің жұмыс кестесі өзгерді
18 Сәуiр 2019, 11:53 676

Мемқызмет агенттігінің жұмыс кестесі өзгерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметшілері  жұмыстан сағат 17.30-да шығады.

Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифинг барысында ведомствоның Қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Арман Бердалин мәлімдеді.

«Агенттік төрағасының тапсырмасы бойынша, агенттік және оның аумақтық бөлімшелері жаңа жұмыс уақытына көшкелі отыр. Пилоттық режимге ауыспақ. Яғни, жұмыс кестесі бұрынғыдай сағат 9-дан емес, сағат 8.30-да басталады. Түскі ас уақыты 1,5 сағаттан 1 сағатқа қысқартылып отыр. Оның нәтижесінде жұмыс уақыты сағат 17.30-да аяқталады. Егер осы пилоттық режим жақсы нәтиже көрсетсе, онда барлық мемлекеттік қызметке таралатын болады», - деді Бердалин.

Департамент директоры жұмыс кестесін ауыстырудың маңызын атап өтті.

«Бұдан қандай пайда көреміз? Біріншіден, мемлекеттік қызметші отбасына және жеке өзіне көбірек көңіл бөлуіне ықпал етеді. Өзін-өзі жетілдіру жолында көмектеседі, яғни ол спорттық секцияларға, мәдениет ошақтарына баруы мүмкін», - деді ол.

Фото: автордан
Загрузка...