Мектептердегі камералар Жедел басқару орталықтарына қосылады – Сәрсенов
25 Қазан 2021, 13:07 1476

Мектептердегі камералар Жедел басқару орталықтарына қосылады – Сәрсенов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.

Балалардың амандығы мен қауіпсіздігі - әрқайсымызды алаңдататын мәселе. Ата-аналар балаларын мектепке, балабақшаға немесе колледжге жібергенде олардың қауіпсіздігіне көз жеткізуі керек. Ол үшін тиісті қауіпсіз ортаны құру қажет, - деді ол.

Сәрсенов атағандай, Қазан мен Пермьдегі соңғы оқиғалар, жасөспірімдер мектеп пен университетке оп-оңай кіріп, балалар мен мұғалімдерін атып тастағаны, мәселенің қауіпті екенін көрсетті.

Осындай қылмыстардың алдын алу үшін, біздің білім ошақтары «дабыл түймелерімен» және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етіліп жатыр. Біз білім беру мекемелерінде орнатылған камераларды Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталықтарына қосамыз. Бүгінгі күні 2 026 мектеп 36 657 камерасын ЖБО-на шығарды. Елімізде 7 372 мектеп бар, онда 137 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Жыл соңына дейін барлық мектептерден бейнебақылауды ЖБО-на шығару жоспарлануда, - деді Сәкен Сәрсенов.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...