Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мектептерде кем дегенде 5 оқушыға бір компьютерден келуіне қол жеткізуіміз қажет, деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн өткен Үкімет отырысында.
PISA зерттеуі көрсеткендей, интернетке қосылған компьютерлердің болуы, оқушылардың нәтижелерін кем дегенде 15-20 баллға арттырады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мектептерді интернет желісіне толық қосуды қамтамасыз етуі қажет. Бүгінгі күні мектепте техникалық мүмкіндік болғанның өзінде де, бір ғана нүктеге қосылып, 4 Мбит-пен жұмыс істеп жатыр. Оны керек болса 50 Мбит, 100 Мбит-ке жеткізу қажет. Себебі, мектептердің техникалық мүмкіндігі бар, - деді ол.
Министр атағандай, мектептердегі компьютерлену мен тиісті құралдармен қамтуды аяқтау керек.
Мектептерде кем дегенде 5 оқушыға бір компьютерден келуіне қол жеткізуіміз қажет. Тиісті жабдықтар болмай, оқушылардың цифрлық құзыреттілігін дамыту мүмкін емес. 2022 жылға дейін робототехника мен Stem кабинеттерін барлық мектепке сатып алу керек, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа оқу жылынан бастап 91 инновациялық бағдарлама енгізілетінін айтқан болатын. Сонымен қатар, министр мамандандырылған IT нарықты терең игерген 320 мың маман дайындау көзделіп отырғанын айтты.