Бас жаңалықтар
Мектептерде бала қауіпсіздігі қалай сақталады
03 Қазан 2021, 10:04 1681

Мектептерде бала қауіпсіздігі қалай сақталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін түсіндірді.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігіне қатысты Үкіметке сауал жолдаған болатын.

Ералы Тоғжанов депутаттарға берген жауабында бұл мәселе Үкіметтің үнемі назарында екенін айтты.

Білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Үкіметтің кеңестерінде және отырыстарында үнемі қаралады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін қауіпсіз оқу ортасын құруға бағытталған білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Жол картасын іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) бейнебақылау жүйелерін қолданыстағы стандарттар мен талаптарға сәйкес келтіруге, жедел басқару орталықтарына қосуға, турникеттер мен дабыл түймелерін орнатуға, қалалық мектептерде мамандандырылған күзетті енгізуге жергілікті бюджеттен қаржы қаражатын бөлу бойынша жұмыс жүргізуде, - делінген Премьер-министр орынбасарының жауабында.

Мәліметке сәйкес 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысында – 65,9 млн теңге, Қызылорда – 252 млн теңге, Маңғыстау – 85 млн теңге, Павлодар – 65 млн 880 мың теңге, Жамбыл – 170 млн теңге, Алматы – 618 млн 328 мың теңге, Атырау – 88 млн теңге, Ақмола – 333 млн теңге, Қарағанды – 518,7 млн теңге, Шымкент – 545,6 млн теңге, Нұр-Сұлтан – 609,5 млн теңге бөлінді.

Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық, қауіп туындаған жағдайда білім алушылардың, педагогтердің және басқа да қызметкерлердің іс-қимылдарының бірыңғай алгоритмі, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда іс-қимыл жасау жөніндегі ұсынымдар әзірленді. Одан бөлек, балалар үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп жатыр, - деп айтты Ералы Тоғжанов.

«Күзет қызметі туралы» заңға сәйкес күзет қызметтерін көрсетуді жеке күзет ұйымдары жүзеге асырады. Қызметкердің құқықтары мен міндеттері қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалады. 2021 жылы террористік тұрғыдан осал объектілерде күзет қызметтерін көрсету, орталықтандырылған бақылау пультінің, радио байланыстың, кемінде екі жедел ден қою мобильді тобының және қызметтік қару саласында жұмыс тәжірибесінің болуы бөлігінде күзетуді жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке күзет ұйымдары үшін біліктілік талаптары заңнамалық түрде қатаңдатылды.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес әлеуетті өнім берушілерге құқықтық қабілеттілікке (заңды тұлғалар үшін), азаматтық әрекетке қабілеттілікке (жеке тұлғалар үшін), мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек және қаржы ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптары қойылады. Материалдық, еңбек және қаржы ресурстарына қатысты біліктілік талаптары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында тәртіппен белгіленеді. ЖАО мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде қызметкерлерге, еңбек және материалдық ресурстарға қойылатын талаптарды қатаңдату бөлігінде техникалық ерекшеліктер күшейтіледі, - деп айтты ол депутаттарға берген жауабында.

Сонымен қатар турникеттерді орнату бойынша Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының индикаторларын қайта қарауға қатысты да тоқталды.

Министрлік мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету, қабылданған стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес 2025 жылға дейін бейнебақылаумен 100% жабдықтау міндеті қойылған. Осы ретте мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес Білім және ғылым министрлігі «Bilimdi Ult» сапалы білім беру» Ұлттық жобасын әзірледі. Бұл міндетке қол жеткізу үшін қауіпсіз кіру жүйесін, мамандандырылған күзет пен бақылауды (бейнебақылау, дабыл түймесі, металл іздегіштер) қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін ішкі істер органдарының Жедел басқару орталығымен интеграциялау жөніндегі іс-шаралар көзделген, - деді Тоғжанов.

Қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде, оның ішінде білім беру ұйымын бейнебақылау жүйелерімен 100% жабдықтаумен және ірі қалалардағы ішкі істер органдарын жедел басқару орталығына шығарумен, оқушының келуі, кетуі туралы ата-аналарды хабардар ете отырып, ұялы телефондардың мамандандырылған электрон датчиктерін енгізу қабылдануда.

Үкімет мүшесінің айтуынша, қазіргі уақытта министрлік Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, білім беру ұйымдарын 100% турникеттермен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар енгізілген Білім беру және демалыс саласының объектілерін қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп жатыр.


Фото: дереккөз
Загрузка...