«Мектепке жол» акция аясында 22 000 балаға көмек көрсетілді

17 Қыркүйек 2019, 17:41
2003
Бөлісу:
«Мектепке жол» акция аясында 22 000 балаға көмек көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Бұл туралы Қызылорда облыс әкімдігінің аппараттық мәжілісінде жаңа оқу жылындағы мектептердегі оқу барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова баяндады, деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Мектепке жол» акция аясында әлеуметтік көмекті қажет ететін 22 мың балаға 332 млн теңгеге көмек көрсетілді. Міндетті оқу қоры есебінен 25 мың оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылды. Жалпы әлеуметтік жағдайына және басқа да себептер бойынша мектепке бармай отырған балалар тіркелген жоқ. Барлық оқушылар мектептерге толық орналасты. Оқу процесі 1-2 ауысымда жүргізілуде»,-деді М.Мелдебекова.

Биылғы оқу жылынан бастап қаладағы бес мектепке IT-лицей статусы беріліп, информатика және робототехника пәндерін тереңдетіп оқытуды бастады.

Қызылордадағы №2 «Мұрагер», №3, 101, 261, 264, 268 мектептерде оқушылардың тығыздығы жоғары, бастауыш сыныптарда орташа 30-35 оқушыдан сынып комплектілері жасақталған.

Жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен 4, 9, 10 сынып оқушылары оқулықтармен толық қамтамасыз етілген.

Күрделі жөндеу бойынша Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы 3 мектептің оқу ғимаратының ішкі жұмыстары аяқталып, 1 кыркүйек күні сабақтары басталды. Қосымша ғимараттың жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде, қазан айында толық аяқталады. Оқушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.   Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектептің 100 орындық қосымша құрылысы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы №198, 261 мектептердің 350 орынға арналған қосымша құрылыстары қазан айында пайдалануға беріледі.

«Жаңа оқу жылында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашу жоспарланып, оның екеуі қыркүйек айында жұмысын бастады, бірі қараша айында ашылады. Жалпы  мектептердегі оқу-тәрбие процесінің қалыпты жүргізілу облыстық білім басқармасының бақылауына алынған»,-деп атап өтті М.Мелдебекова.



Өзгелердің жаңалығы