Мектепке, оқу орындарына құжат қабылдау тек электрон форматта жүруі тиіс - Аймағамбетов

30 Наурыз 2021, 18:16
1963
Бөлісу:
Мектепке, оқу орындарына құжат қабылдау тек электрон форматта жүруі тиіс - Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Facebook-те онлайн форматта өткен аппарат жиналысы кезінде білім ордаларына құжат қабылдау процесі электрон форматта жүруі керек екенін айтты.

Министр атап өткендей, биыл мектепке қабылдау, бір мектептен екінші мектепке ауысу, колледждерге, жоғары оқу орындарына құжат тапсыру жұмыстары тек қана электрон форматта жүруі тиіс. Сондықтан тиісті жұмыс ұйымдастырылды.

Қазірдің өзінде жоғары оқу орындарына құжат тапсыру науқаны әлі алда болса да, осы жұмысқа бейімделіп, әрбір жоғары оқу орны базасында ақпараттық жүйелердің интеграциясы мәселесін қарап, тиісті жұмысты аяқтауымыз керек, - деп түсіндірді ол.

Биыл 1 сәуірден бастап мектептерге 1-сыныпқа қабылдау бойынша құжат қабылдау процесі басталады. 

Ол үшін барлық қажетті жүйе дайын. Пандемия кезінде бұл өте маңызды бастама. Сол себепті жергілікті білім басқармалары, білім бөлімдері осы жұмысты қажетті деңгейде ұйымдастыруы бойынша қажетті тапсырма беремін, - деді Асхат Аймағамбетов жиналысқа қатысушыларға.

Еске сала кетейік, құжаттарды қабылдау «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.  

1-сыныпқа қабылдауға қандай құжаттар талап етіледі:

- Ата-ананың өтініші;
- Оқушының жеке басының куәлігі;
- Медициналық паспорты;
- Фотосурет.

Өзгелердің жаңалығы