Балабақша қызметкерлері тәрбие берудің инновациялық әдістерін үйренуде

18 Маусым 2019, 13:00
4395
Бөлісу:
Балабақша қызметкерлері тәрбие берудің инновациялық әдістерін үйренуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің мектепке дейінгі ұйымдарының 100-ден астам оқытушысы мен тәрбиешіcі ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы ұйымдастырған «Заманауи талаптар контекстінде мектепке дейінгі білім беруді дамыту» атты семинарына қатысты.

Жиында Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру саласындағы жетекші мамандары, сарапшылары мен ғалымдары тәжірибе алмасу және балаларды оқытудың инновациялық әдістерін талқылау үшін бас қосты.

Семинарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің, елордалық Білім беруді жаңғырту орталығының, ҰҒПББСО «Бөбек», сондай-ақ республиканың жетекші университеттері мен мектепке дейінгі ұйымдарының өкілдері қатысты.

Семинар жұмысын ҚР  Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы жетекшісі Алексей Цой 10 жыл бойы педагогтер халықаралық тәжірибені зерделеп, оны жергілікті жағдайға қарай бейімдегенін, жиналған білім мен тәжірибемен республиканың балабақшаларымен бөлісуге дайын екендерін айтты.

«Астана» Халықаралық ғылыми кешенінің басқарушы директоры Серік Ирсалиев адамның қалыптасуындағы мектепке дейінгі білім берудің шешуші рөліне тоқталып, оған тиісті назар аудару қажеттілігін баса айтты. «Қазақстанда білім берудің әрбір деңгейінің өркендеуі үшін жағдайлар жасалған. Орта білім беру деңгейінде - «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Дарын» орталығы, кәсіптік білім беруде - «Кәсіпқор» холдингі, жоғары білім беру деңгейінде - Назарбаев Университеті және «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеуде. Ал мектепке дейінгі білім беруде «Қарлығаш» балабақшасы осы миссияны толықтай атқара алады және осы саладағы ең озық даму орталығына айналуы тиіс», - деді ол.

Семинар қатысушылары балаларды оқытудың озық әдістерімен, соның ішінде қазақ тілін үйретудегі «тілдік ортаға бойлау әдісі» және балалардың шығармашылық, сыни ойлау, коммуникативтік және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған «сингапурлық технологияларымен» танысты. Қатысушылар робототехника және математика дағдыларын дамытуға арналған «STEAM технологиясының» маңыздылығын атап өтті.

Сонымен бірге мектепке дейінгі ұйымдарды тиімді басқару, этнопедагогика, балабақшаларды цифрландыру және «Кнайп неміс сауықтыру технологияларына» арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Семинар аясында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы мен «Өрлеу» БАҰО, «Астана» халықаралық ғылыми кешені және Нұрсұлтан қаласы гуманитарлық колледжі арасында өзара әріптестік бойынша Меморандумдарға қол қойылды.


Өзгелердің жаңалығы