Ақмолада мектеп асханасының құралдары ескірген

20 Қаңтар 2019, 12:57
4074
Бөлісу:
Ақмолада мектеп асханасының құралдары ескірген

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Балалар мектепте қандай тағам жеп жүр? Білім ордаларындағы асханалардың жұмысы санитарлық талапқа сай ма? «Мектеп асханалары» жобасы аясында сарапшылар өңірдегі білім ордаларының тамақтандыру жүйесін тексерді.

Облыста тіркелген 560 жалпы білім беретін мектептің 479-ында оқушылар ыстық тамақпен қамтылған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді.

«Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Бурабай, Зеренді аудандарының бірқатар мектептерінде буфеттер жұмыс істейді, аз қамтылған отбасы балалары үшін ыстық тамақ ұйымдастырылған. 13 бала ғана оқитын Астрахан ауданындағы Толқынкөл мектебінің ғимараты ас мәзіріне лайықталмағандықтан, тамақ мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Атбасар, Есіл, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларында тамақпен қамту 100 пайыз ұйымдастырылған», – дейді Ақмола облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов.

2014 жылдан бері өңірде әлеуметтік аз қамтылған балалар тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ыстық тағамның орташа бағасы 248,5 теңге. Бағаның өсуімен реттеліп отырады. Қаладағы барлық мектептің 1-сынып оқушылары тегін тамақтанады. Бұған қаражат қалалық бюджеттен бөлінген.

«Мектептердегі тағам сапасына, оның құрамы мен салмағына жеткілікті деңгейде бақылау жасалмайды. Мектеп асханаларының құралдары әбден ескірген. Биылғы оқу жылында қаладағы 17 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеуде. Тәжірибе өңірге таралып, өтініштер түсуде. Келісімшарт бойынша мектеп асханаларын жаңғырту жоспарланып отыр», – дейді Валерий Гамазов.

Білім беру ұйымдарында ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі, медициналық қызметкерлерден құралған ведомствоаралық сараптамалық топ облыстың 46 мектебіне мониторинг жүргізген.

Мониторингке жеткізілетін азық-түлік өнімдерін зерттеу, тағамның дайындалу технологиясы мен сақталу мерзімін, тоңазытқыш құралдарының жарамдылығын қадағалау кіреді.

«Мектеп асханаларында түрлі фаст-фуд өнімдері, сусындар ас мәзірінен алынды. Тексеріс кезінде асханаларда тыйым салынған тағамдардың болуы, қол жуатын орындарда кептіргіштердің жоқтығы, ас мәзірінің жаңартылмауы сияқты кемшіліктер анықталды. Мектеп басшылары бұл олқылықтарды алдағы уақытта реттейтін болады», – дейді Көкшетау қалалық білім бөлімі басқармасының орынбасары Жәния Дондағұлова.

Тексеру нәтижелері бойынша мектептерге пісірілген нан өнімдеріне бағасын бекіту, сынық ыдыстарды жаңарту бойынша ұйғарымдар берілген. Ескертулер мен ұсыныс кітабы, заман талабына сай денсаулық бұрышы міндетті түрде болуы, комиссия есептері мен ас мәзірі мектеп сайттарында орналастырылуы қажет.

«Той Дастархан» ЖШС директорының орынбасары Екатерина Чевелюктің пікіріренше, мектеп асханалары түбегейлі жаңғыртылуы тиіс.

«Бізге алдымен мектеп аспаздарын оқытудың бірыңғай бағдарламасы қажет. Елімізде тамақтанудың бірыңғай стандарты жоқ. Сол себепті әр мектепте ас мәзірі әрқалай. Шетелде тағылымдамадан өту барысында сол елдердегі мектептердің ас мәзірін зерттедім. Мұнда тағамның сыртқы түріне емес, оның құрамына мән беріледі. Бір қызығы, шырын, сүт, су жеке қаптамаларда сатылады. Бізде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу санитарлық-гигиеналық норманың сақталуына мүмкіндік берер еді. Әрі ата-аналар да баланың тыйым салынған зиянды өнімдерді тұтынбайтынына сенімді болады. Түрлі семинар, тренинг, форумдар ұйымдастырылса, аспаздар өздерінің ұсыныс-пікірлерімен бөлісе алар еді. Сондай-ақ балада дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру үшін ата-аналармен үздіксіз жұмыс жүргізілуі тиіс», – дейді «Той Дастархан» ЖШС директорының орынбасары Екатерина Чевелюк.

Фото: автор

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ

 

Өзгелердің жаңалығы