Түркістанда мектеп туризмін дамыту қолға алынбақ

29 Мамыр 2019, 17:54
1943
Бөлісу:
Түркістанда мектеп туризмін дамыту қолға алынбақ
PHOTO

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан қаласында өтіп жатқан «Түркістан – Түркі әлемінің бесігі» атты халықаралық конференциясы барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің мектеп туризмін дамытуды қолға алғаны белгілі болды. Бұл туралы басқосуда баяндама жасаған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов айтты. 

Түркістанда мектеп туризмін дамыту қолға алынбақ

Өткен жылы Ясауи кесенесіне келген туристер саны 1 млн 95 мыңға жетіпті. Себебі, Түркістан қаласы ежелден Ұлы Жібек жолы бойында мәдениеті мен сауда-саттығы дамыған маңызды қала екені тарихтан мәлім. Мұнда қазақ хандары сайланды, қазақ хандығының ғасырлар бойы рухани астанасы болып келді. 

Қазіргі уақытта Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сәулет туындысы ретінде туризмді дамытудағы басты нысанға айналған. Халықаралық дәрежедегі музейге тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік келушілердің де қызығушылығы жыл санап артып келеді. 2014 жылмен салыстырғанда 2018 жылы музейге келушілердің саны 15% өскен. Сәйкесінше, шетелдік келушілердің де үлес салмағы артып 17% өскен. 

Түркістанда мектеп туризмін дамыту қолға алынбақ

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келетін туристердің санын арттыру мақсатында «2018-2022 жылдарға арналған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму тұжырымдамасы» дайындалды. Онда туристік ағымның сараптамасы, қорық-музейдің дамуына арналған іс-шаралар, Туристік орталықты қалыптастыру, туристік бағытты дамыту т.б. айқындалған. Келушілердің сұранысына орай музейдің тарихи ескерткіштері мен жәдігерлерін таныстыруда қызмет атқаратын гидтер өздерінің мазмұнды экскурсияларын қазақ, өзбек, орыс, ағылшын, қытай, түрік тілдерінде жүргізеді. Экскурсоводтар мәтіні музейдің Ғылыми кеңесінде қаралып, бекітілген. Экскурсоводтар тәжірибе алмасу мақсатындағы фестивальдарға, іссапарларға, біліктілік арттыру курстарына жиі қатысып отырады», - деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда тарихи орындардың төл келбетін сақтай отырып, музей аумағында археологиялық қазба жұмыстары мен қайта қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Хан мешіті», «Хан ордасы» және Күлтөбе қалашығы мен «Жеті ата», «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпалары қалпына келтіріліп, туристік бағытқа қосылады.   

Түркістанда мектеп туризмін дамыту қолға алынбақ

Бұдан бөлек, конференцияда туристердің қызығушылығын арттыратын объектілер ретінде Қарашықта кірпіш күйдірген орынды зерттеу, Қарнақтағы «тайқазан» құйылған орынды анықтаудың қазба жұмыстары жүріп жатқаны айтылды.   

Ахметжановтың сөзінше, республикамыздағы іргелі музейлердің бірі ретінде мектеп туризмін де дамыту қолға алынбақ. Осы мақсатта оқушылармен байланыс орнату үшін орта және арнаулы орта білім беру мекемелерінде 2018 жылы түрлі тақырыптарда 145 лекция жүргізгенін атап өтті. Ал жыл басынан бері 4 айдың қорытындысы бойынша 92 лекция оқылған. Музейлердің экспозиция алаңдарында жас буын үшін түрлі тақырыптағы көрме ұйымдастырылып келеді. Көшпелі көрмелер еліміздің барлық облыстары және оңтүстік өңір аудандарын қамтыды. 

Түркістанда мектеп туризмін дамыту қолға алынбақ

2018 жылы қорық-музейде 68 көрме өткізілген болса, оның 38-і музейден тыс музей жұмысын таныстыру және насихаттау сипатында өткен. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне жазғы және тоқсандық демалыс күндері тегін кіруі мүмкіндігі қарастырылған. Осы жылдың төрт айында музейге 61 343 оқушы тегін кірген.     

Соңғы жылдары «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі халықаралық ICOM одағының «Жыл музейі» дипломына, Ұлттық бизнес-рейтинг бағдарламасының «Өрлеу қарқыны» номинациясында Қазақстан музейлері бойынша «Сала көшбасшысы» атағына, «Алтын» рейтингісіне ие болып, Халықаралық сертификатпен және арнайы «Алтын қыран» медалімен марапатталған болатын. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Тарихи-мәдени туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясына ие болды.   

Түркістанда мектеп туризмін дамыту қолға алынбақ

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бұл жетістіктерін музейге көрсетілген сенім, бізге артылған жауапкершілік деп түсінеміз. Алдағы уақытта музейіміз еліміздің рухани тұрғыдан түлеуіне, келешек ұрпаққа ұлттық тарихтың маңыздылығын терең ұғындыруға, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан Ұлы Дала Елінің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан берік орын алуына септігін тигізеді деп сенемін», - деді музей директоры.   

Өзгелердің жаңалығы