Мектеп оқушысы өзге планеталарды игеруге арналған робот моделін жасады

28 Наурыз 2019, 19:08
2355
Бөлісу:
Мектеп оқушысы өзге планеталарды игеруге арналған робот моделін жасады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Әлихан Тәліпбаев өзге планеталарды игеруге арналған құрылысшы-роботтың моделін жасап шығарды.

Бірегей жоба еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары арасында «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбында өткен ІХ Наурыз кездесулерінде үздік атанды.

Дарынды өреннің «Smart colonization» атты жобасының басты мақсаты – ғарышкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, ғарыштық колониялар құрылысын жүргізу. Жас ғалымның пайымдауынша, барлығы автоматтандырылған жүйеде жүзеге асырылады. Айта кеткен жөн, «Smart colonization» жобасымен Әлихан Тәліпбаев Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 100 пайыздық оқу грантына ие болды.

«Бұл өзекті тақырыптардың бірі деп ойлаймын. Және ірі ғарыш агенттіктерінің қызығушылығын тудыратынына сенемін. Еңбегім қазылар алқасының көңілінен шыққанына қуаныштымын. Бұл жобаны зерттеп, талдау жасадым. Аталған роботтың шағын прототипін жасауға 2 айдай уақыт жұмсалды. Халықаралық ақпаратттық технологиялар университетінің 100 пайыз грантына ие болу – кез келген адамға бұйырмайтын бақыт. Осындай зор мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын. Енді оқуымды жалғасытырып, болашақта жобамды іске асырғым келеді», - дейді жас өнертапқыш.

Жоба авторының айтуынша, құрастырылған робот моделі адамның орнына барлық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әртүрлі пішіндер мен өлшемдердің колонияларын құруға, керекті ғылыми маңызды ақпаратты жинақтауға мүмкіндік береді. Робот-машина қорек, оттегі мен суды талап етпейді. Қуатты күн батареяларынан алады.

Мектеп оқушысы өзге планеталарды игеруге арналған робот моделін жасады

«Студентімнің қорғаған жобасы – маңызды тақырып. Жер беті ресурстар шектеулі. Қазірдің өзінде адамзат тапшылықты сезінуде. Сондықтан өзге планеталарда тіршілік көзін іздестіру керек. Оның жасап шығарған құрылысшы-робот жобасының көмегі орасан болмақ», - дейді жобаның ғылыми жетекші Қымбат Дүйсенова.

Робот моделін құрастыру кезінде жас өнертапқыш көптеген ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, Марс ғаламшарының ерекшеліктері негізге алынған. Өйткені, аталған планетаны игеру – экономикалық тұрғыдан да тиімді болмақ. Әлихан Тәліпбаевтың ендігі арманы – шынайы робот жасап, Марсқа аттану.


Өзгелердің жаңалығы