Медсақтандыру қоры онкологияға қарсы тегін скрининг түрлерін атады

4 Ақпан 2019, 11:40
3101
Бөлісу:
Медсақтандыру қоры онкологияға қарсы тегін скрининг түрлерін атады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін - Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні. Медсақтандыру қоры қауіпті дертке қарсы тегін скрининг түрлерін атады.


4 ақпан – Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – жұртшылық назарын ғаламдық проблемаға аудару. 

Соңғы кезде әлемде қатерлі ісікке шалдыққандар саны артып отыр. Бүгінде обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға шықты. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік беріп отыр.  

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұсынған статистикаға сәйкес, 2018 жылы Қазақстанда 181 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 34 мың 585-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылыпты. Пациенттердің басым бөлігі - Алматы қаласы (3996), Шығыс Қазақстан (3648), Қарағанды (3614) және Алматы облыстарының (2695) тұрғындары. Былтыр қатерлі ісіктен 14 406 отандасымыз көз жұмған. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан (1757) және Қарағанды (1284) облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы (1611) көш бастап тұр.  

Қазақстанда онкологиялық аурулардың сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері кең таралған. 2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе рагы 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды. 

«Өкінішке орай, әлем ғалымдары әлі күнге дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын әмбебап дәрі ойлап тапқан жоқ. Технология мен медицинаның даму қарқынына қарағанда ол күндердің де ауылы жақындап қалған сияқты. Әзірге, біздің қолымыздан келетіні – аурудың алдын алу және дер кезінде емделу. Оған емханада жүргізілетін профилактикалық тексерулер арқылы қол жеткізуге болады. 2019 жылы мемлекет профилактикалық мақсаттағы скринингтерге 4,3 млрд теңге бөлді. Тегін скрининг 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерді маммографиялық тексеруден өткізу; 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдерді жатыр мойны қатерлі ісігіне тексеру; 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерді тоқ ішек пен тік ішек обырына тексеру түрлерінен тұрады», - деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы