4 баланың өлімі: Енді медициналық-әлеуметтік мекемелер жаппай тексеріледі

19 Мамыр 2020, 15:37
2727
Бөлісу:
4 баланың өлімі: Енді медициналық-әлеуметтік мекемелер жаппай тексеріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі - Еңбекмині) 113 медициналық және әлеуметтік мекеменің қызметіне жан-жақты талдау жасауға кірісті. 

Жоспардан тыс тексеруге Аягөз балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының 4 тәрбиеленушісінің көз жұмуы себеп болды. 

Ең алдымен, Еңбекмині мамандары тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту бойынша арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының, сондай-ақ жүйке жүйесі аурулары бар балаларға арналған орталықтардың қызметіне талдау жасайды. Тексеру барысында медициналық және әлеуметтік қызметтерді көрсетуге және тәрбиеленушілердің мекемеде болуына қойылатын барлық талап назарға алынады, - делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мүгедек балаларға арналған 20 мемлекеттік оңалту орталығы жұмыс істейді, онда 1,8 мыңнан астам балалар тұрады. 

Кешенді талдау 113 медициналық және әлеуметтік мекеменің барлығында жүргізіледі, оның ішінде: 

- тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 178 адам қамтылған;
- психологиялық патологиясы бар балаларға 16 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 1 708 адам;
- жалпы санаттағы қарттар мен мүгедектер үшін 45 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 8 364 адам;
- 14 160 адам қамтылған 48 әлеуметтік қызметтердің психоневрологиялық орталығы. 

Жалпы, 24 мыңнан астам адам әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұрады. Бұл мекемелер жергілікті атқарушы органдардың қарамағында. 

Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында Аягөз балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 4 бала қайтыс болды. Аталған жерде ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің өкілдері кіреді.  


Өзгелердің жаңалығы