Медицинадағы жетістіктер кейде сал балалардың туу ықтималдылығын арттырады – Шолпан Бөлекбаева
13 Мамыр, 16:19 438

Медицинадағы жетістіктер кейде сал балалардың туу ықтималдылығын арттырады – Шолпан Бөлекбаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бала –адамның бауыр еті, үміті мен болашағы. Балаларды қорғап қана қоймай, сапалы білім беріп, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту да маңызды. Биыл Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Аталған мәселелер бойынша қандай істер атқарылып жатқаны туралы Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс балалар реабилитологы, Ұлттық балалар оңалту орталығының директоры Шолпан Бөлекбаевамен тілдескен болатынбыз. 

- Биыл «Балаларды қорғау жылы» деп жарияланды. Осыған орай ерекше қажеттілігі бар балаларға бағытталған іс-шаралардың ауқымы кеңейе ме?  

- Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге кешенді оңалту қызметін көрсететінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ал оңалтуға еліміздің әр аймағынан келетін балалар 25 күн орталығымызда болады, әр түрлі емшара, түзету-дамыту сабақтарымен қамтылады. Осы оңалту кешенінің жемісті әрі тиімді болуына баланың көңіл күйінің жоғары болуы тікелей әсер ететінін ескере отырып, біз оларға өте кең ауқымда түрлі бағыттағы, психологиялық жай-күйінің орнықты болуына әсер ететін іс-шараларды кеңінен өткізіп отырамыз. Осы орайда, біздің орталықта тек биылғы жыл ғана емес, әр жыл «Балаларды қорғау жылы» болып табылады десем, артық болмас. 

Сонымен бірге  биыл «Балаларды қорғау жылы» болып жарялануына байланысты, орталық өз тарапынан еліміздің оңалту саласына үлес қосу мақсатында іс-шаралар жоспарын құрып, оны жүзеге асыруды қолға алған. Бұл жоспар бойынша бірнеше бағытта жұмыстар атқарылады. Мәселен, республика аймақтарына мамандар жіберіп, әдістемелік-ұйымдастыру бағыты бойынша көмек көрсету, оқыту-біліктілікті арттыру шараларын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынады. ДСМ-мен біріге отырып Қазақстан Республикасында балаларды оңалту қызметін дамытудың Жол картасын дайындауға қатысамыз. Ата-аналардың қоғамдық ұйымдарына олардың мүгедек балаларын оңалтуға қосымша тегін квоталар бөлінеді. Медициналық көмек көрсетудің клиникалық хаттамаларын, өз саламыз бойынша әдістемелік нұсқаулықтарды әзірлеуге қатысу жоспарда бар. «Балалардың мектепке баруға керек-жарағын жинаймыз» акциясы бойынша кәсіподақ мүшелері көпбалалы және тұрмыс деңгейі төмен қызметкерлердің бірінші сыныпқа баратын балаларына оқуына қажетті бұйымдарды алып беруге көмек қолын созамыз. 

- Квота деп қалдыңыз. Оңалтудан өтуге мұқтаж балалар квотаны қалай ала алады?

- Оңалтудан өтуге мұқтаж балаларды мүмкіндігінше кеңінен қамтамасыз ету үшін орталық Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып жыл сайын орталыққа жатқызу жоспарын құрады. Бұл жоспар орталықтың төсек санын (300 төсек) ескере отырып, әр аймақта тіркелген мүмкіндігі шектеулі баланың санына сайма-сай түрде жасалады. Осы жоспар бойынша орталықта 1 жылда 4200 бала оңалту кешенінен өте алады және квота бөлу облыстық денсаулық сақтау саласын басқару органдарының құзіретінде екенін айта кеткім келеді. Яғни бала өзі есепте тұратын емханасы арқылы облыстық және республикалық дәрежедегі Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді қалалардың денсаулық сақтау басқармаларынан квота алып, белгілі мерзімінде біздің орталыққа келіп түседі.

- Елімізде жыл санап БЦП дертіне шалдыққан балалар саны артып келеді деген дерек бар. Оның себебі неде?

- Баланың церебралды сал ауруына шалдығу себебі әртүрлі. Ол себептерге баланың жүйке жүйесінің бұзылуына әкеліп соғатын факторлардың әсер етуі негіз болады. Мысалы, баланың миының тұншығуы, нәрестенің миына инфекция түсуі, анасының қандай да бір аурулармен ауыруы және кейінгі кезде медицина ғылымының алға жылжып дамуының арқасында қол жеткізген жетістік: шала туған, салмақ мөлшері 500 грамнан артық болған нәрестелердің өмірін сақтап қалу мүмкіндігінің жоғарылауы. Өкінішке қарай, бұл нәрестелердің миы мен жүйке жүйесі жеткілікті толыққанды түрде жетіліп үлгермейді. Әрине, айта кетер бір жайт: бұл факторлардың барлығы бірдей церебралды сал ауыруына әкеліп соқпайды, алайда сондай диагнозбен туу ықтималдылығы арта түседі.

- Жалпы статистика бойынша Қазақстанда сал, аутизм, жүйке жүйесі ауруларына қанша бала шалдыққан?  

- Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің статистика деректеріне жүгінсек, 2020 жылы церебралды сал ауруына шалдыққан бала саны 17 939 болса, 2021 жылы 18 307 бала болыпты. Аутизм және жүйке жүйесі сырқаттары бар бала саны да жыл сайын көбейіп келеді.

- Сал ауруынан емделіп, толыққанды сауығып кетуге бола ма?

- Церебралды сал ауыруы ми және орталық жүйке жүйесінің органикалық бұзылысы салдарынан пайда болуы және ол бұзылыстың қайта қалпына келуі мүмкін еместігі себепті аталған деттен 100 пайыз сауығу мүмкін емес. Алайда науқас жағдайының ауырлық дәрежесіне (жеңіл, орташа, ауыр) қарай оңалту шараларын өткізе отырып, баланың дене қимыл мүмкіндіктерін жақсарту, күнделікті өмірге бейімделуін, өзіне-өзі қызмет көрсету ауқымын кеңейту, қоғамда өз орынын алуына, өз әлеуетіне сәйкес білім алуына, кәсіп игеруіне жол ашуға болады. Бүгінгі күні елімізде осы бағытта қызмет атқаратын оңалту орталықтары, түзету-дамыту мекемелерінің санының көбеюі де оң нәтижесін береді деп ойлаймын.  

- Маман ретінде балалардың ауруын асқындырып алмау үшін не істеу керектігін айтыңызшы. 

Медицинада «Ауруды неғұрлым ерте білсең, соғұрлым жақсы» деген алтын ереже бар. Науқас балалармен көптеген жылдар бойы жұмыс істеу тәжірибеміз көрсеткендей, баланың денсаулығының оңалуы маманның мүмкіндігінше ертерек іске кірісуіне байланысты. Яғни сырқатты ерте бастан диагностикалау және оған қажетті емдеу-оңалту шараларын бірден бастап кету – жақсы нәтижеге қол жеткізудің, аурудың асқынуының алдын алудың басты шартының бірі.

Оңалтуға мұқтаж балалар реабилитолог дәрігер, профильдік мамандар, учаскелік дәрігер сынды мультимамандар тобының бақылауында бола отырып, қажетті емшаралар кешенін уақытылы алып отыруы керек. Балаға жасалатын емдік-оңалту шараларының барлығы ағзаның өмірлік әлеуетін барынша сақтау, жетіспеген мүмкіндіктердің орнын толтыру, басқа мүмкіндіктермен алмастыру бағытында жүргізілуі тиіс. Қазіргі таңда өзіміз қолданып жүрген және еліміздің денсаулық саласында кеңінен енгізуге атсалысып жүрген өмірлік дағдылардың халықаралық жіктемесінің шкалалары бойынша бағалауды енгізу мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерді оңалтуда жан-жақты жұмысты жоспарлап жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін көріп отырмыз. Осындай қолға алынып атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде балаларды оңалту саласына нақты үлесімізді алда да көптеп қосамыз деген сеніміміз бар. 

- Әңгімеңізге рахмет! 


Фото: дереккөз
Загрузка...