Бас жаңалықтар
Бүгін
Қарағандының медицина мекемелеріне «сенім дүңгіршегі» орнатылады
15 Наурыз 2019, 14:43 221

Қарағандының медицина мекемелеріне «сенім дүңгіршегі» орнатылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда «сенім дүңгіршегі» аталатын жоба іске қосылды. Енді емделушілер медицина мекемелерінде орнатылған шұғыл байланыс терминалдары арқылы мамандарға бірден хабарласып, туындаған мәселесін уақытылы шешіп, сұрақтарына жауап ала алады.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы «Перспектива» ҒӨБ-мен бірлесе отырып жаңа жобаны жасап шығарды. Медицина мекемелерінде орнатылатын арнайы терминалдардың көмегімен Денсаулық сақтау басқармасының Call-орталығына бірден хабарласуға болады.

Бұған дейін облыс тұрғындары денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерді шешу мен сұрақтарына жауап алу үшін жұмыс телефонына қоңырау соғатын. Енді арнайы терминалдар арқылы Call-орталықтың мамандарына тікелей хабарласа алады. Тіпті бейнехабарлама да қалдыруға болады.

«Алғашқы терминал Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасында орнатылды. Наурыз мейрамынан кейін облыстағы барлық медицина мекемелеріне орнатыла бастайды. Ірі стационарларда бірнеше терминал болады. Орнату жұмыстарын 1,5 ай аралығында аяқтау жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында бұл жүйе алғаш рет қолданылып отыр», - дейді басқарма басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Шұғыл байланыс терминалдары Call-орталыққа хабарласу қиындық тудырмайды. Бар болғаны терминалдағы штрих-код оқитын құрылғыға жеке бас төлқұжатын жақындату керек. Терминал тұлғаның жеке басын анықтағаннан кейін Call-орталықта қызыл белгі жанып, желінің ар жағындағы мамандар сіздің шағымыңызды немесе сұрағыңызды тыңдай алады. Call-орталық таңертеңгі 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Егер хабарлама жұмыс уақытынан тыс кезде болса, онда «сенім дүңгіршегі» хабарламаны жазып алады да, мамандар оны келесі күні таңертең тыңдайтын болады.

Терминалдарға түскен шағымдар мен ұсыныстар бірден медицина мекемесінің әкімшілігіне жолданатын болады.

«Шалғай елді мекеннің тұрғындары мамандардың кеңесін терминал арқылы алуларына болады. Мысалы, Қарағанды қаласындағы кардиохирург маманына хабарласу үшін емделуші тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігеріне жүгініп, кардиохирургқа бейнеқоңырау арқылы қоңырау шалуға тапсырыс бере алады. Ал бұл уақыт аралығында емделушінің талдау қорытындылары мен сырқаты жайлы ақпарат кардиохирург маманының алдында жатады», - дейді Е.Нұрлыбаев.

 Жібек Мұқашева

Сізден жаңалық