ШҚО медициналық мекемелерінің 93%-і интернетпен қамтылған

9 Наурыз 2019, 17:42
1994
Бөлісу:
ШҚО медициналық мекемелерінің 93%-і интернетпен қамтылған
Фото: автордан

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жыл Шығыс Қазақстан медицинасы үшін айтарлықтай жыл болды. Өткен жылы өңірде жалғыз облыстың ғана емес, сондай-ақ бүкіл елдің медицинасына үлес қосатын елеулі жобалар іске асырылды. 

Атап айтсақ, облыс орталығында робот техникалық және трансплантологиялық хирургия, Аягөз және Алтай қалаларында екінші деңгейлі инсульттік, Семей қаласында ортопедия, көз микрохирургиясы орталықтары ашылды. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов мәлімдеді.

Соңғы үш жыл ішінде 18,8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген медицина саласы заманауи техникалармен жарақтандырылып, 157 дәрігер шетелдерде қайта даярлықтан өтті. Сонымен қатар үш мыңнан астам маман қазақстандық және шетелдік мамандарды шақыртумен облыс аумағында оқытылған.

«Облыстағы барлық медициналық мекемелер өздеріне медициналық-ақпараттық жүйені орнатып, қажетті құрылғылар сатып алуды және ғаламтор желісімен қамтамасыз етуді жүзеге асырды. Осы мақсатта өткен жылы біз 3677 дербес компьютер мен 2 мыңға жуық принтерлер мен сканерлер сатып алдық. Осылайша олардағы осындай құрылғыларға деген қажеттілікті 100 пайызға қанағаттандырдық», - деді Марат Едігеұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда тұрғындар саны 200 адамға жетпейтін елді мекендердегі кейбір ауылдық медициналық пункттер ғаламтормен қамтамасыз етілмеген. Дегенмен, бұл көрсеткіштің бар-жоғы 7 пайыз ғана.

«Бұл бірінші кезекте облыстың географиялық орналасуымен байланысты. Көптеген аймақтарға интернет әлі жете берген жоқ. Біз бұған арнайы талдау жасап, нәтижесінде облыс тұрғындарының 93 пайызының ғаламтор желісімен қамтамасыз етілген медициналық мекемелерде қызмет алатынын анықтадық. Қалғаны 7 пайыз ғана. Ал аталмыш ауылдардағы медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар аудандық орталық ауруханалардың бір бөлімшесі болғандықтан, оларға арнайы жағдай жасаттырдық. Нәтижесінде ғаламторы жоқ ауылдық медициналық пункттің қызметкері апта сайын аудан орталығына келіп, өзіне қарасты округтегі әр тұрғынға қатысты деректерді электронды базаға енгізіп отырады», - деп қосты басқарма басшысы.

Осылайша, әр тұрғынға электронды картотека қалыптастыруды қолға алған шығысқазақстандық медицина қызметкерлері өңір тұрғындарының ауру тарихын түгелдей дерлік цифрландырып үлгерген.

Өзгелердің жаңалығы