Медицина мамандары тапшылығы мәселесін Қостанай өңірі қалай шешпек?

17 Сәуір 2019, 21:15
2177
Бөлісу:
Медицина мамандары тапшылығы мәселесін Қостанай өңірі қалай шешпек?
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы Тобыл-Торғай өңірінде денсаулық сақтау саласына 49,8 млрд теңге бөлініп отыр. Былтырғымен салыстырғанда 8% көп. Бұл жөнінде кеңейтілген алқалы жиында Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник айтты.

Медицина мамандары тапшылығы мәселесін Қостанай өңірі қалай шешпек?

«Биыл «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының төртінші жылын қорытындылаймыз. Біздің өңірде 495 денсаулық сақтау мекемесі бар. Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа нормативтеріне сәйкес, осы жылдың бірінші тоқсанында бірқатар медициналық ұйымдар біріктірілді. Мәселен, облыстық көппрофильді ауруханаға перинаталдық орталық пен тері-венерологиялық диспансер қосылса, облыстық көппрофильді балалар ауруханасы енді қалалық балалар ауруханасымен бірге. Облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне Арқалықтағы осындай емдеу орталығы қосылды», - деді Вячеслав Дудник.
Оның айтуынша, 2019 жылға есептелген 49,8 млрд теңгенің біраз бөлігі амбулаториялық-емханалық қызмет (12,8 млрд теңге) пен стационарлық жәрдемге (11,8 млрд теңге) бөлінбек. Ауыл тұрғындарының ем-домына 3,7 млрд теңге қаралса, әлеуметтік ауруларға 5,7 млрд теңге, онкологиялық науқастарға 2,2 млрд теңге, жедел жәрдем қызметіне 1,2 млрд теңге жұмсалады. Қалған сома ақ халаттылардың жалақысы мен медицина мекемелерін жөндеуге, жаңа құрылғылар сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы 38,3 млрд теңгеге тегін медициналық қызмет көрсету жоспарлануда.

Бүгінде облыстағы денсаулық сақтау саласында 14 903 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 1 777 дәрігер мен 6 149 медбике бар.

«Өңірге 350 кадр жетіспей тұр. Әсіресе, акушерлер мен фельдшерлер жетіспейді. Аймаққа келем деген мамандарға қаржылай әлеуметтік көмек беріліп, тұрғын үйінің жалдау ақысы төленеді. 2018 жылы бұған 56 млн теңге жұмсалды. Облыс әкімдігі бірінші рет медицина қызметкерлеріне арнап тұрғын үй салуды көздеп отыр», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Вячеслав Дудник Қостанайға келетін мамандарға 800 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін көтерме ақы берілетінін айтты. Бүгінге дейін республикадағы 5 оқу орнының студенттерімен кездесулер жүргізіліп, 230 келісімшарт жасалған.

2019 жылы өңірге медицина мамандарын тартуға 204 млн теңге қаралған. Оның 104 млн теңгесі ауылдарға баратын кадрларға берілсе, қалғаны қаланы таңдағандарға бұйырады. Осылайша, Тобыл-Торғай өңіріндегі медицина қызметкерлері 170-ке тарта маманмен толығады деп сендіреді басқарма басшысы.

   

Өзгелердің жаңалығы