Мәжілісте алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет қабылданды

21 Қазан 2020, 13:09
1645
Бөлісу:
Мәжілісте алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды.

Үш жылдықты бюджетті таныстырған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы жылы бюджет жобасын қалыптастыру әлемдегі экономикалық ахуалдың нашарлауы мен қолайсыз санитариялық-эпидемиологиялық ахуал жағдайында жүзеге асырылғанын атап өтті.

Макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, 2021 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 11,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,4 пайызынан 2023 жылы кезең-кезеңмен 2,1 пайызына дейін төмендеуімен жоспарланған. Шығыстар 2021 жылы 14 трлн теңгені құрайды. Бюджет жобасын қалыптастыру кезіндегі басты қағидат орта мерзімді кезеңге айқындалған бағыттар мен міндеттерді, сондай-ақ қабылданған барлық әлеуметтік міндеттемені жүйелі түрде іске асыру болды, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, үш жылдық кезеңде әлеуметтік саланың шығыстары 23,4 трлн теңгені, оның ішінде 2021 жылы биылғы жылмен салыстырғанда 394 млрд теңгеге ұлғайып, 7,1 трлн теңгені құрайтын болады.

Шығындардың жалпы көлеміндегі әлеуметтік саланың үлесі келесі жылы 50,4% болады.

Экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға арналған шығыстар орта мерзімді кезеңде 3,2 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 2021 жылы 1,7 трлн теңге болады. Бұл ретте «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және басқа мемлекеттік бағдарламалардың іс-шараларын қаржымен қамтамасыз ету бюджеттің басым бағыты болып қалады, - деді министр.

Мәжілісте талқылау барысында депутаттардың ұсыныстары негізінде түзетулер енгізілді:

1) әскери қызметшілерге азық-түлік үлестерінің құнын ұлғайту; 

2) ауылдық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер салу; 

3) Жұмыспен қамту жол картасы аясында жекелеген жобаларды іске асыруды жалғастыру.

2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен шамамен 4 трлн теңге бөлінетін болады. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 28 пайызынан астамын құрайды.

Өзгелердің жаңалығы