Мәжіліс депутаттары Мемлекеттік кірістер комитетіне барды

30 Қараша 2021, 20:23
779
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары Мемлекеттік кірістер комитетіне барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 26 қарашада ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде «Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру барысы туралы» тақырыбында ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтті. 

Отырысқа Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы М.Құсайынов, депутаттар Д.Еспаева, Д.Әлімбаев, А.Бойчин, А.Жұмабаева, Ю.Ли, Қ.Нұров, С.Симонов, Қаржы вице-министрі Б.Қожахметов, Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы А. Алтынбаев және оның орынбасарлары қатысты.

Мемлекеттік кірістер комитетінің басымдықтарының бірі салықтық және кедендік әкімшілендіруді трансформациялау болып табылады. Біз заңға бағынатын салық төлеушілер мен барлық нормаларды сақтағысы келетін, бірақ жеткілікті хабардар етілмеген сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау қажеттілігінің маңыздылығын түсінеміз. Сондықтан ақпараттық материалдар БАҚ-та тұрақты негізде жарияланады, әлеуметтік желілерде кері байланыс орнатылып, Байланыс орталығы құрылды, - деп атап өтті вице-министр Бақтияр Қожахметов.
МКК төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев «Тәуекелдерді басқару жүйесінің», «Электрондық шот-фактуралар» жүйесінің жұмысымен, сондай-ақ навигациялық пломбалардың, жеке тұлғаларға арналған «E-salyq Azamat» және жеке кәсіпкерлерге арналған «E-salyq Business» мобильді қосымшаларының жұмысымен таныстырды.

Спикер «ЭШФ» жүйесін енгізу тәуекелдерді басқару жүйесін қайта қарау және ЭШФ-дан алынған деректерді ескере отырып, камералдық бақылау есебінен қосылған құн салығынан түсімдердің өсуін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Енді ЭШФ-ны жедел талдаудың арқасында Комитет ерте кезеңде жалған шот-фактураларды анықтайды. Қазіргі уақытта жүйеде 780 млн ЭШФ рәсімделген.

Жүк көліктерінің қозғалысын бақылау және қадағалау үшін 2020 жылы «Көлік пен жүктің спутниктік мониторингі жүйесі» бақылау-ақпараттық жүйесі әзірленді. Спутниктік бақылау жүйесі нақты уақыт режимінде көліктердің жүру бағытын қадағалауға мүмкіндік береді, сонымен қатар пломбаны бұзу, маршруттан ауытқу және т.б. сияқты штаттан тыс жағдайларға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Навигациялық пломбаларды пайдалану нәтижесінде, Қазақстан Республикасының жалған алушылардың мекен-жайына тауарлар импорты 53 есеге азайған.

Жеке тұлғалардың салық төлеуін жеңілдету мақсатында «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасы жасалды. Бүгінде қосымшаны 780 мың азамат пайдаланады. Салық әмиянының толтырылуын 104 мың адам 116,4 млн.теңгеге, автоматты есепке жатқызу 26 мың адамға 24,3 млн.теңгеге жүргізді. Сондай-ақ 599,3 млн теңге сомасындағы артық төлемді 21,6 мың пайдаланушы пайдаланған. Салық салу объектілері туралы ақпаратты түзету қызметін 14 мың азамат пайдаланды (көлік – 10 609, жылжымайтын мүлік – 375, жер учаскелері – 2 994).

Өзгелердің жаңалығы