Мәжіліс депутаттары жастар кеңесінің отырысына қатысты

3 Мамыр 2019, 16:44
2700
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары жастар кеңесінің отырысына қатысты
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жұмыс сапарымен Тобыл өңіріне табан тіреген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қостанай облысы кәсіподақ ұйымдарының жұмысшы жастар жөніндегі кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.

Басқосуда Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова, Айгүл Нуркина, Гүлнар Бижанова, Мұрат Теміржанов және Жәмила Нұрманбетова өңірдегі жастардың бастамаларымен танысып, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілі, кәсіподақ ұйымдарының жұмысшы жастар жөніндегі кеңесінің мүшесі Евгений Бедыч атқарушы органдарда жұмыс істеуге ниетті жастарға жасалған жағдай туралы баяндады.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанындағы жолдауында жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері жайында кеңінен айтып өтті. Сапа – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі десек, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс... Агенттіктің мәліметінше, Қостанай облысындағы 743 мемлекеттік органда 6,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Оның ішінде 24%-ы – жас мамандар. «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бұл – студенттерге диплом алмай тұрып-ақ, мемлекеттік қызметке жолдама беретін мектеп. Биыл төрт жоғары оқу орнының студенттері аталмыш жобаға қатыстырылмақ», - деді Евгений Бедыч.

Мәжіліс депутаттары жастар кеңесінің отырысына қатысты

Zhas Project жобасына қатысушы Айгүл Мұстафина құрбысымен бірге қолға алған кәсібі туралы әңгімеледі. 

«Өткен жылы магистратураны бітірген соң, алдымда «жұмысқа орналасу керек пе, әлде өз ісімді бастау керек пе?» деген сұрақ тұрды. Көпбалалы ана болғандықтан, тұрақты жұмыс тапқаныммен перзенттерімнің тәрбиесіне уақыт бөлудің қиындай түсетінін сездім. Құрбым да осындай ойда жүр екен. Сөйтіп, ақылдаса келе, өз кәсібімізді қолға алуға кірістік. Алғашқы қарлығашымыз – сәбилердің тыныс алу гимнастикасы мен сөйлеуін дамытуға арналған «Кішкентай» жобасы. 2018 жылы жазда Zhas Project жобасына қатысып, іріктеуден өттік. Кәсібіміздің әлеуметтік маңызы – 28 шала туған нәрестеге тоқыма жейделер ұсындық. Осы жылдың ақпан айында жобамызды сәтті аяқтап, Нұр-Сұлтан қаласында өткен үздік тәжірибелер форумына қатысып келдік», - дейді Айгүл Мұстафина.

Отырыстың екінші кезеңінде Мәжіліс депутаттары кеңес мүшелері тарапынан қойылған әртүрлі сұрақтарға жауап берді. Жастардың көбін әлеуметтік сала мәселелері қызықтырды. Білім ордаларында тегін білім алу мүмкіндіктері турасында сұрағандар болды.

Мәжіліс депутаттары жастар кеңесінің отырысына қатысты

«Бұл сауалға жан-жақты қарауға болады. Оқу орны, ата-ана, өздері табыс табатын студенттердің де көзқарасы ескерілуі тиіс. Елімізде жыл сайын білім гранттарының көлемі көбейтілуде. Жыл сайын 130 мыңдай түлек мектеп бітіреді дейік. Былтыр кәсіптік-техникалық білім беруді есептемегенде, ЖОО-ларға 54 мыңға жуық грант бөлінді. Яғни, кімдер жақсы оқыса, оларға жоғары білімді тегін алуға мүмкіндік бар», - деді Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова.

Қоса кетейік, Қостанай облысы кәсіподақ ұйымдарының жұмысшы жастар жөніндегі кеңесі өңірде үшінші жыл жұмыс істеп келеді. Оған әр саладан әрі өндіріс ошақтарындағы жастар ұйымдарының төрағалары, кәсіпкер жастар мүшелікке кірген.

Өзгелердің жаңалығы