Бас жаңалықтар
Маусымда СҚО дәрігерлеріне 209 миллион теңге үстемеақы төленбек
08 Шілде 2020, 12:21 148

Маусымда СҚО дәрігерлеріне 209 миллион теңге үстемеақы төленбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясы барысында медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақы турасында айтты. 

Үстемеақы алатындар қатарына инфекциялық, провизорлық, жедел жәрдем, дәрігерлік жәрдем беру фильтрлері және емхана қызметкерлері жатады. Қаражат ҚР Денсаулық сақтау министрінің қолданыстағы бұйрығына сәйкес, ай сайын төленеді. Медицина қызметкерлері 3 тәуекел тобына бөлінген. Оның біріншісіне инфекциялық стационарлардағы медицина қызметкерлері жатады, олардың саны - 184. Әрбір дәрігердің негізгі еңбекақысынан бөлек, 120 мың теңгеден 825 мың теңгеге дейін үстемеақы беру қарастырылған. Екінші топта провизорлық стационар қызметкерлері тұр. Олардың әрқайсысына 425 мың теңгеден басталатын үстемеақы беріледі, өңірімізде бұл бағытта 258 дәрігер бар. Үшінші топқа жедел жәрдем, дәрігерлік жәрдем беру фильтрлері және емхана қызметкерлері жатады. Осы саладағы 744 адамға 225 мың теңгеге дейін үстемеақы төленетін болады, - деді ол.

Облыс әкімі наурыз айында 514 медициналық қызметкерге жалпы сомасы 48 миллион теңге үстемеақы төленгенін айтты. 

Сәуір айында 1296 адамға 161 миллион теңге, мамыр айында 1033 адамға 150 мың теңге төленсе, маусым айында 1186 медицина қызметкері 209 миллион теңге үстемеақы алатын болады. Төлемдерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізеді. Бүгін ҚР Президентінің атынан тынбай еңбек етіп келе жатқан медицина қызметкерлеріне 15 жоғары мемлекеттік награда берілетін болады, - деді ол. 
Құмар Ақсақалов, сондай-ақ, облыс дәрігерлері мен медициналық қызметкерлерге алғыс айтып, тұрғындардан дәрігерлерге көмек көрсету үшін қажетті санитарлық нормаларды мұқият сақтауға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі өңірдегі жағдайдың күрделі екенін айтқан болатын. 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...