Бас жаңалықтар
Мәулен Әшімбаев: Елбасының әр шешімі ұлт тарихының жаңа тарауы болып жазылады
30 Қараша 2020, 18:10 183

Мәулен Әшімбаев: Елбасының әр шешімі ұлт тарихының жаңа тарауы болып жазылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» тақырыбына арналған халықаралық конференцияда Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қалыптастыру ісіндегі маңызды шешімдеріне назар аударды.

Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі ішкі ахуалдың күрделі болғанын, Елбасы сол тығырықтан шығар жолды тауып қана қоймай, өзіне жүктелген тарихи миссияны артығымен орындағанын атап өтті.

Елбасы тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрып, егемендіктің ең басты тұғырларын тас-түйін бекітіп берді. Ең алдымен, шекарадай күрделі мәселе кемеңгерлікпен шешіліп, халықаралық құжаттармен біржола шегенделді. Шекара мәселесі түпкілікті шешілмесе мемлекеттің тәуелсіздігі баянсыз, болашағы бұлыңғыр болады. Оны бүгінде бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы бұл істе дау-дамайға емес, салиқалы дипломатияға арқа сүйеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Елбасының мемлекеттік басқару институттарын қалыптастыру жолындағы ерік-жігеріне тоқталды.

Ел дамуына тың серпін берген ата заңымыз – Конституциямыз қабылданды. Соған сәйкес, билік тармақтары қалыптасып, қос палаталы кәсіби Парламент, Үкімет, тәуелсіз сот жүйесі құрылды. Жергілікті әкімдіктердің жұмысы жолға қойылды. Сол арқылы мемлекеттік басқару институттары жүйеленіп, әрқайсысының мақсат-міндеттері нақтыланды, – деген Сенат Төрағасы Тұңғыш Президентіміздің қажыр-қайратының арқасында Қарулы Күштеріміз құрылғанын, экономика саласында кешенді реформалар іске асырылып, аса маңызды және тарихи шешімдер қабылданғанын айтты.

Елбасының кемеңгер шешімдерінің бірі астананы Арқа төсіне көшіру екені сөзсіз. Сол кездегі экономикалық қиындықтарға қарамастан қабылданған бұл шешім нағыз стратегиялық қадам болды. Мәулен Әшімбаев бұл батыл шешімді тәуелсіздіктің бір тұғыры деп атады.

Нұрсұлтан Назарбаев астананы көшіру арқылы Қазақтың жаңа замандағы ұлы көшін бастап берді. Расымен, елорданың өсіп-өркендеуі тұтас Қазақстанның дамуына даңғыл жол ашты. Отанымыздың абыройын асқақтатып, беделін өсірді, бүкіл қазақстандықтарды жаңа мақсат-мұраттарға жетеледі. Бүгінде елордамыз еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттік дамудың нағыз темірқазығына айналды, – деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ, ол Елбасының Түркістан облысын құрып, Түркістан шаһарына жаңа мәртебе беру туралы шешімінің маңызы зор екенін айтты.

Тарихты тарлан тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Шын мәнінде, Елбасының елдік мүдде жолында қабылдаған әр шешімі ұлт тарихының жаңа тарауы болып жазылады. Солардың ішінде Түркістанға қатысты шешімнің орны бөлек. Түркістанды түлету – өткеннен өнеге ала отырып, кемел келешекке ұмтылудың озық үлгісі, – деді. 

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев осы жолдағы «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының да айрықша мәнге ие екенін сөз етті.

Тарихтан тағылым алу кейін шегіну емес, ол – ұлттық кодты сақтаудың жарқын көрінісі. Расында, ұлттық кодсыз мемлекет болмайды. Сол себепті, бұл салада Елбасы ұлттық тұтастықтың кепілі ретінде батыл шешімдер қабылдаудан қаймыққан жоқ, – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Нұрсұлтан Әбішұлының жасампаздық пен жаңашылдықты тоғыстарған осындай стратегиялық қадамдарын еліміздің сыртқы саясатынан да байқауға болатынын айтты. Бұл ретте Сенат Төрағасы Елбасының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы игі бастамаларына тоқталып өтті.

Оның айтуынша, Тұңғыш Президентіміз сыртқы саясатта білекке емес, білімге, ақыл-парасатқа, диалог пен өзара сенімге табан тірей отырып, батыл шешімдер қабылдады. Өркениетаралық және дінаралық келісімді нығайту арқылы Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке өз үлесін қосты.



Фото: дереккөз
Загрузка...