Мәулен Әшімбаев: Биылғы Жолдау – қоғамдағы реформаларға берілген нақты жауап

2 Қыркүйек 2021, 11:05
1616
Бөлісу:
Мәулен Әшімбаев: Биылғы Жолдау – қоғамдағы реформаларға берілген нақты жауап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламенттің кезекті сессиясындағы Сенаттың алғашқы отырысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев хабарлады. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы ел дамуының басым бағыттары мен алдағы мақсат-міндеттерді нақтылап берген.

Сенат төрағасы Парламенттің алдына бірқатар заңнамалық міндет қойылғанын да атап өтті. Мұның бәрі қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға және пандемиядан зардап шеккен бизнеске қолдау көрсетуге ықпал етеді деп есептейді.

Жолдауда әлеуметтік салаға баса мән берілгенін жақсы білесіздер. Соған сәйкес Мемлекет басшысының бастамасымен келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері ұлғаяды. Бұл шешім миллионнан астам қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондай-ақ 2025 жылға дейін бюджет қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20%-ға өсіп отырады. Бұл шара мәдениет қызметкерлерін, мұрағатшыларды, қорықшыларды және бюджет саласындағы өзге де мамандарды қамтиды, - деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ ол Жолдауда еліміздегі өзекті проблемалардың бірі – ауызсу мәселесінің адға қойылғанына да назар аударды.

Президентіміз осы мәселені шешу үшін де Үкіметке нақты тапсырма берді. Соған сәйкес 5 жыл ішінде су қоймаларын салу және қайта жаңарту арқылы халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының бір басымдығы – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы орайда Президентіміз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банкіндегі» шотқа аударуға рұқсат ету қажеттігін атап өтті. Осындай бастамалардың бәрі заңнамалық тұрғыдан қолдау табуды қажет ететіндігі түсінікті, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы биылғы Жолдауды қоғамдық реформаларға берілген нақты жауап деп бағалап отыр.

Жалпы биылғы Жолдауды қоғамның алдағы реформалар бойынша сұрақтарына берілген нақты жауап деп қабылдаймыз. Алдағы уақытта Сенат Жолдауда белгіленген басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізеді. Бұл – біздің палатаның басты міндеті, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы