Қазір әр отбасына үлкен салмақ түсіп отыр – Матыжанов

11 Қыркүйек 2020, 15:59
3112
Бөлісу:
Қазір әр отбасына үлкен салмақ түсіп отыр – Матыжанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір отбасына үлкен салмақ түсіп отыр деді филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов Отбасы күні аясында ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері бойынша онлайн өткен дөңгелек үстел барысында.

Отбасы деген мәселеге кеңірек назар аудару керек. Отбасы деген тек баланың тілі ғана, тәрбиесі ғана емес. Отбасы - бүкіл қоғамдық жүйенің негізгі тамыры. Оның ішінде денсаулық та, саясат та, тіл де бар. Отбасының негізгі түбірін жойып жіберген – капитализм. Ол пайда болғаннан кейін барлығы балаларын отбасынан ажыратып, балабақша мен мектепке берді. Сөйтіп, ата-аналар бала тәрбиелеу ісін балабақша мен мектепке артып тастады, - деді ол. 

Матыжанов атағандай, пандемия кезеңінде әлем бұрынғы мемлекеттік саясатын қайта қарай бастады. 

Қазір отбасына үлкен салмақ түсіп отыр. Баланы оқыту, тәрбиелеу, оның денсаулығына жауап беру де ата-аналардың мойнына келіп түсті. Енді біз қалайық, қаламайық, отбасына көмектесуді ойластыру керек. Меніңше, Мемлекет басшысының Жолдауын негізге ала отырып, мемлекеттік тұрғыдан отбасын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеген дұрыс болар еді. Егер біз отбасындағы тәрбиені жолға қоймайтын болсақ, балабақшаға апарған бала да отбасында қалыптасқан құндылықты қайталайды, - деді ол. 

Матжыновтың айтуынша, отбасының жағдайы түзелетін болса, балабақша мен мектептің де жағдайы жақсарады. 

Отбасы тәрбиесін жақсартайық дегеннен ештеңе шықпайды. Ең алдымен, отбасындағы тәрбиенің контентін күшейту керек. Жастар баласын тәрбиелегісі келеді, бірақ бірде-бір оқу құралы жоқ. «Балапан» деген телеарнаны қазақ балалары кешке дейін көретін болды. Бала тәрбиесіне арналған ата-аналар кітапханасын жасау керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы