Машина жасау саласында бірнеше жоба іске қосылмақ

15 Қыркүйек 2020, 10:07
1526
Бөлісу:
Машина жасау саласында бірнеше жоба іске қосылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде соңғы сегіз айда машина жасау өндірісі 16,3 пайызға өскен. Бұл туралы бүгін Үкіметтің онлайн отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

Оның айтуынша, өндеркәсіп салалары ішінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсеткен. Машина жасау саласы 16,3 пайызға артса, автомобиль құрастыру саласы 51,8 пайыздық өсіммен саланың драйвері болып қала бермек. Биыл елде 45 мыңнан астам автокөлік шығарылды. 

Сондай-ақ ол биыл индустрияландыру картасы аясында осы саланы одан әрі дамытуға арналған бірқатар жобаның жүзеге асырылатынын атап өтті. 

Алматы қаласында жылына 45 мың бірлік қуаты бар «Hyundai» маркалы жеңіл автомобильдер шығаратын зауытты іске қосу отандық автомобиль жасау нарығының қуатын екі есе арттырады, - деді ол.

Оның айтуынша биыл отандық "Сары-Арқа автоөнеркәсіп" ЖШС және "Азиа-Авто" АҚ және "Вектор-Павлодар" ЖШС арасында "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында өндірілетін автомобиль дөңгелектерін қолдану бойынша кооперация пайда болады. Оның жобалық қуаты 1 млн дана, жылына 400 мың диск өндіруге қауқарлы. 

Сондай-ақ, Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерге арналған компоненттер шығарылады. Ауданы 38 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен биыл желтоқсан айында іске қосылып, келесі көктемде жобалық қуаттылығына шығады. 

Қостанай қаласының өнеркәсіптік аймағында "КамАЗ" қозғалтқыштарына құрамдас бөлшектерін құю өндірісі жолға қойылады. Қазіргі уақытта тиісті инвестициялық келісімге қол қоюға дайындалып, қыркүйек айында құрылысты бастау жоспарлануда.

Өндірілетін өнімнің 95 пайызы экспортқа бағдарланып, Ресей, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, сондай-ақ Daimler неміс концернін қамтитын жаһандық құн жасау тізбегіне кіретін болады, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы