Бас жаңалықтар
Масанчидегі төбелестің өршуіне себепші болған арандатушылар анықталды
09 Ақпан 2020, 15:00 12324

Масанчидегі төбелестің өршуіне себепші болған арандатушылар анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Жамбыл облысы Масанчи ауылындағы кикілжіңнің жаппай төбелеске ұласып кетуіне себепші болған басты арандатушының анықталғанын айтты.

Хабар таратқан арандатушыны анықтадық. Ең қорқыныштысы, ол хабарларға жағымсыз пікір қосып отырған. Бұл жастардың жаппай бас көтеруіне себеп болды, – деді Калайчиди ОКҚ брифингінде.

Оның айтуынша, қазір полицейлер қақтығысқа қатысқан әр адамнан бұл жанжалға қандай себеппен араласқанын білу үшін жеке-жеке әңгімелесіп жатыр. 
Біз бір ғана адамның айтқанын негізге ала алмаймыз. Себебі қақтығысқа бірнеше ауыл қатысты. Бізге осы қақтығысқа қатысқан барлық адамнан пікір алып, сұрастырып, фактілер базасын жинап, оған баға беріп, талдау жасауымыз қажет. Осыдан кейін әрбір адамның бұл қақтығысқа қатысу дәрежесін және рөлін белгілеу керек. Сол кезде әрбір адам бойынша ол сол жерде не үшін болғанын айта аламыз, – деп атап өтті ішкі істер министрінің орынбасары.
Айта кетейік, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болған. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 40-тан астам кісі жарақаттанды. Осы оқығаға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасады. Қазіргі таңда қақтығыс болған аймақты құқық қорғау органының өкілдері толықтай бақылауына алған. Екі күннен бері арнайы құрылған үкіметтік комиссия мүшелері аудандағы тұрақтылық үшін жұмыс жасауда. 

Бұған дейін ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди 7 ақпандағы Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы жаппай төбелестің қалай басталғанын айтты.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...