Бас жаңалықтар
"Астананың" үздік ойыншысы Марин Томасов жайлы не білеміз?
PHOTO
30 Қазан 2019, 16:20 1076

"Астананың" үздік ойыншысы Марин Томасов жайлы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан Қазақстан премьер-лигасында дәл қазір ең үздік ойыншы деп айтуға болатын бір футболшы бар. Ол – Марин Томасов. Сөзімізге дәлел ретінде статистиканы да келтіре аламыз. Хорватиялық футболшы биылғы маусымда премьер-лигада 19 гол соғып, 14 нәтижелі пас шығарып берді.

Марин Томасов 27 қазан күні "Ақтөбе" қақпасына 4 гол соқты. Сөйтіп өзінің Қазақстан премьер-лигасындағы голдарының санын 35-ке жеткізді. Одан бөлек, Қазақстан чемпионатының ТОП-100 бомбардирлерінің қатарына енді. Тағы бір маңызды дерек, соңғы 16 жыл көлемінде Қазақстан премьер-лигасында бірде-бір футболшы покер жасамаған екен. Соңғы рет 2003 жылы "Ертіс" сапында Мүслім Агаев "Жетісу" қақпасына 4 гол соққан. Қазіргі кезде Томасов премьер-лиганың 2019 жылғы маусымында 19 голмен мергендер көшінде бірінші орында тұр. Хорват футболшысының қыркүйек айының үздік ойыншысы атанған. Енді жылдың үздік ойыншысы атануға үміткерлердің бірі.

WhatsApp Image 2019-10-30 at 11.14.57.jpeg

Марин Томасов кім?

Марин 1987 жылы Хорватияның Задар деген шағын қаласында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, өте көрікті шаһардың бірі. Ата-анасы Пашман аралындағы Доброполян қалашығында тұрады. Екі ағасы және бір әпкесі бар. Спорттағы алғашқы қадамын бауырларымен бірге бастаған.

"Маған бұл спорт түрі қатты ұнады. Алғашында "NK Sveti Mihovi" клубында жаттықтым. Одан кейін жергілікті қала аттас "Задар" клубына ауыстым. Футболшы болу бала күнімнен арманым болды. Сол кездің өзіңде 14-нөмірлі жейде киетінмін. Әлі күнге осы нөмірмен өнер көрсетіп жүрмін", - дейді Марин Томасов.

Қазақстан жайлы білді ме?

Марин Қазақстанға 2017 жылдың жаз айында келді. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылдың 1 шілдесінде "Астана" бұл ойыншыны Хорватияның "Риека" клубынан жалға алды. Елімізге келмей тұрып ол Қазақстан жайлы "Астана" клубының Еуропадағы жетістіктері арқылы білген екен.

"Қазақстанға келмес бұрын аздап хабарым болды. Әсіресе, футболға қатысты естідім. "Астананың" Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Сол кезде бұл клуб туралы көп ақпарат тарады. Одан кейін мемлекет туралы біле бастадым. Бұл қала, айтары жоқ, өте керемет", - деді Томасов.

Отбасы жайлы

"Менің отбасым бар. Бақытты әкемін. Үш балам бар. Оның екеуі ұл, біреуі қыз. Тұңғышым – қыз, қазір 8 жаста. Одан кейінгі ұлым 4 жаста, кенжесі 3 жасқа енді толады. Қыркүйек айына дейін отбасым қасымда болды. Сабақ басталғаннан кейін Хорватияға кетті. Қызым мектепке бара бастады. Сондықтан өз отанымызда оқығанын қаладым. Өйткені мұнда қанша уақыт болатынымды білмеймін. Әйтпесе, жергілікті мектептердің біріне беруге болушы еді. Аяқ астынан кетіп қалып жатсам, балаға қиын болады. Мемлекет, қала, мектеп ауыстыру, жаңа достарға үйрену балаға оңайға соқпайды. Оның бәрі қосымша стресс", - деп баяндады футболшы.

Командадағы ең жақын достары

"Бірден жауап беруге қиын сұрақ. Көп уақытымды қақпашы әрі капитанымыз Ненад Эрич және Антонио Рукавинамен бірге өткіземін. Одан бөлек, Лука Шимунович пен Жарко Томашевич бар. Себебі бәріміз бір тілде сөйлесеміз. Олар сербиялық болғанымен, тіліміз өте ұқсас. Сондықтан бір-бірімізді тез түсінеміз", - дейді Марин Томасов.

"Астананың" ойыны Томасовқа байланысты ма?

Осы күні Марин Томасов "Астананың" көшбасшысы. Патрик Твумаси кеткеннен кейін командада гол соғатын, алдасатын да негізі осы хорват футболшысы. Томасов болмаса, "Астананың" деңгейі қатты байқалады. Әсіресе, Еурокубокта оны көріп жүрміз. "Астана Аренада" "Партизанмен" өткен матчта жанкүйерлер стадионда "Томасов, Томасов" деп айғалаумен болды. Өйткені дәл сол ойында ол алаңға шықпаған еді. Сондай-ақ, Голландияда "АЗ Алкмармен" матчта да Мариннің жоқтығы қатты білінді. "Астананың" ойыны Томасовқа байланып тұр дегенге футболшының өз айтары бар.

"Мен бұған сенбеймін. Әрбір футболшы алаңға шығып, командаға өз пайдасын тигізеді. Футболшы деген келеді, кетеді. Өйткені оның мамандығы сондай. Мысалы, биыл Кабананга кетті. Біз әрі қарай өз ойынымызды жалғастырып жатырмыз. Бұл футбол. Жалпы нәтижеге әр ойыншының өзіндік қосар үлесі бар", - дейді ол.

WhatsApp Image 2019-10-30 at 11.14.56.jpeg

Сүйікті командасы

Көптеген ойыншылардың арманы "Реал Мадрид", "Барселона", "Манчестер Юнайтед", "Ливерпуль" секілді Еуропа топ-клубтарында ойнау. Мариннің де бала кездегі арманы "Барселона" болған екен.

"Бала кезден "Барселонаның" ойынын ұнатамын. Егер клуб таңдауда мүмкіндігім болса, сөзсіз "Барселонаны" таңдайтын едім", - деп балалық арманымен бөлісті футбол ойыншысы.

Чемпиондық маңызды

Марин үшін Қазақстан чемпионатын үшінші рет ұту маңызды. Ол Қазақстанға келмес бұрын бірде-бір чемпионатта жеңіске жетіп көрмеген. Хорватияда "Хайдук" және "Риекамен" тек күміс жүлдеге ие болған.

"Біз чемпиондыққа маңызды қадамдар жасадық. Әлі алда бір-екі ойын бар. Чемпион болғысы келген команда әрбір ойынды ұту керек. Маған әрдайым ішкі чемпионатта топ жару маңызды. Сосын Чемпиондар лигасында ойнауға болады. Футболшы үшін бұдан артық қандай дода бар? Менің ойымша, кез келген футболшының карьерасындағы маңызды кезең осы Чемпиондар лигасындағы ойындары. Қазақстан премьер-лигасының дейгейі жоғары, "Астана Арена" стадионы ұнайды", - деп сөзін түйді Марин Томасов.


Фото: дереккөз
Загрузка...