Тұрғымбаев Маралды көліндегі жанжалға қатысты түсініктеме берді

20 Тамыз 2019, 12:47
1931
Бөлісу:
Тұрғымбаев Маралды көліндегі жанжалға қатысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Павлодар облысындағы Маралды көлінде болған жанжалға қатысты түсініктеме берді.

«Көл инвесторға жалға берілген. Инвестор көлдің табиғи байлығына қарап, балығын аулайды. Рұқсат етілмеген балық пен шаяндарды аулау бойынша айтар болсақ, инвесторда шаяндарды аулауға квота бар. Квотадан асырып аулауға болмайды. Браконьерлік аулау мен табиғат үшін үлкен шығын болмас үшін арнайы квота белгіленген. Жергілікті тұрғындар шаяндарды квотасыз аулағандықтан кәсіпкер көлді қорғайтын күзет фирмасын жалдаған. Оқиға осы күзет фирмасы мен жергілікті тұрғындар арасында болған. Осының барлығы жергілікті тұрғындар мен күзет қызметкерлері арасында төбелеске ұласып, травматикалық қару қолданған. Бес адам дене жарақатын алып, ауруханаға медициналық көмек сұрап келген. Қуанышқа орай, онда өлім болған жоқ, ауыр дене жарақаттары жоқ», - деді Тұрғымбаев Үкімет кулуарында.

Қазіргі уақытта оқиға орнында күшейтілген полиция нарядтары жұмыс істеп жатыр.

«Сондай-ақ, күзет фирмасының қызметкерлерінен ұрланған көліктің қайда екені анықталды. Осыған қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Іс бақылауда. Бүгіннен бастап жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Оқиға орнына Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы кетті», - деді министр.

Оның айтуынша, оқиға орнынан алынған мәліметтер кейінірек белгілі болады.


Өзгелердің жаңалығы