Бас жаңалықтар
Маңғыстауда WorldSkills Kazakhstan чемпионатының өңірлік кезеңі өтіп жатыр
07 Сәуiр 2019, 15:26 902

Маңғыстауда WorldSkills Kazakhstan чемпионатының өңірлік кезеңі өтіп жатыр

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба мақсаты - жұмысшы мамандығын дәріптеу және оның қоғамдағы беделін арттыру, өндіріс орындарындағы жастардың, мектеп оқушылары мен студенттердің, ата-аналардың, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру.

Аталған жоба 1946 жылдан бері әлемнің 78 мемлекетінде өткізіліп жүр. 2014 жылы Қазақстанның WorldSkills International халықаралық қозғалысына енуіне орай аталған бірлескен жобаны «Кәсіпқор» Холдинг» акционерлік қоғамы басқармасы биыл төртінші жыл қазақ елінде өткізуді жоспарлаған.

Кәсіби шеберлікті дамыту және WorldSkills қозғалысы басқармасының басшысы Әтіргүл Есдәулетованың айтуынша, WorldSkills International кәсіптік шеберліктің халықаралық чемпионаты екі жылда бір рет өтеді.

«Осыдан төрт жыл бұрын Бразилияның Сан-Пауло қаласында, ал 2017 жылы Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өткен. Биыл Ресейдің Казань қаласында өтеді деп айтылды. Қазақстан кәсіптік-техникалық мамандықтың деңгейін арттыру ісінде бұл жобаға 2015 жылы тұңғыш рет қатысты. Оның аясында қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыру жоспарланған», - деді Әтіргүл Есдәулетова.

Оның сөзінше, 2016 жылы Нұр-Сұлтан (Астана) қаласында өткен шараға 14 аймақтан және Астана мен Алматы қалаларынан келген 136 қатысушы 15 құзыреттілік бойынша бақ сынады. Ал 2017 жылы 300-дей қатысушы 30 құзыреттілік бойынша кәсіби шеберлігімен бәсекеге түссе, 2018 жылы 14 аймақ және үш қаладан 30 құзыреттілік бойынша 350-дей жас кәсіби шеберлік сынына түсті.

«Жалпы қатысушыларды «Кәсіпқор» Холдинг» акционерлік қоғамының басқармасы іріктеуден өткізіп, алдын ала дайындайды. Бүгінде білім беру ұйымдары және мекемелердегі жарыстар аяқталып, қорытындысы бойынша жеңімпаздар жұмысшы мамандығының WorldSkills Kazakhstan кәсіптік шеберлігінің Ұлттық чемпионатының өңірлік кезеңіне қатысуда. Одан жеңімпаз атанған І орын иегері WorldSkills Kazakhstan кәсіптік шеберлігінің Ұлттық чемпионатына жолдама алып, Нұр-Сұлтан қаласына барады», - деп сөзін жалғады басқарма басшысы.

Елордада ақтық кезеңді өткізу осы жылдың қыркүйек айына белгіленген. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрама командасы Ресейде, мұнан соң Белоруссияда өтетін WorldSkills ашық чемпионаттарына, сондай-ақ Венгрияның Будапешт қаласында өтетін EuroSkills чемпионатына қатысады деп жоспарланып отыр.

Озық отандық және халықаралық тәжірибеге сүйеніп, студенттерге кәсіби бағдар беру, кәсібіне икемдеу, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатындағы WorldSkills қозғалысының құрамдас бөлігі болып табылатын "FutureSkills Аktau" өңірлік чемпионаты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 15-17 жас аралығындағы студенттер арасында 10 құзыреттілік бойынша өтіп жатыр. Атап айтсақ:

1. «Слесарлық іс»;

2. «Компьютерлік ойындар мен мультимедиялық қосымшаларды дамыту»;

3. «Ұлттық тағамдар»;

4. «Туризм»;

5. «Аударма ісі»;

6. «Сигналдау, орталықтандыру, блоктау және автоматика жабдықтарын жөндеу, қызмет көрсету»;

7. «Дене шынықтыру және спорт»;

8. «Бейне өндірісі»;

9. «Ақпараттық кабельдік желілер»;

10. «Мектепке дейінгі тәрбие».

Айта кетейік, есту қабілеті бұзылған жастарға сапалы кәсіби білім беру мен жұмыспен қамтуға көмектесу үшін WorldSkills қозғалысының құрамдас бөлігі негізінде DeafSkills кәсіби шеберлік чемпионаты да өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Киім үлгілеу» құзыреттілігі бойынша ұйымдастырылуда.

Жалпы айтар болсақ, облыс чемпионатына 22 колледжден 37 құзыреттілік бойынша 250 студент қатысып жатыр. Қатысушылардың жұмысын 350 сарапшы бағалап, жеңімпаздарды анықтайтын болады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық