Маңғыстауда экологиялық мәселелер талқыланды

6 Қыркүйек 2021, 10:38
2516
Бөлісу:
Маңғыстауда экологиялық мәселелер талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының алаңында филиал жанындағы қоғамдық экологиялық кеңесінің, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының, «Ecojer» қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің және «Табиғи орта» Батыс Қазақстан өңірлік ассоциациясының бірлескен отырысы өтті.

Күн тәртібінде 2020 жылдың аяғында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің келісуімен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов бекіткен облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша «Жол картасының» орындалу барысы туралы орындаушылардың (қалалар мен аудандар әкімдіктері, облыстық басқармалар мен департаменттер) мәлімдемелері тыңдалды. Айта кету керек, күн тәртібінің тақырыбы өзекті болғандықтан, отырысқа бизнес-қоғамдастық пен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері және қоғам белсенділері онлайн форматында қатысты.

Уақыт үнемдеу мақсатында, «Жол картасының» негізгі орындаушылары ретінде Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков пен облыстық Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов, Жол картасының 36 бабының әрқайсысына жеке тоқталмай, 8 тарау бойынша әр тараудың орындалысы туралы баяндады.

Атап айтқанда, шенеуніктер елді мекендердің көгалдандырылуы мен «Қошқар-Ата» улы көлінің айналасына жасыл желек егу, осы улы көлдің рекультивациясы, облыс аумағындағы санитарлық жағдай, жер ресурстарының тарихи ластануы, ауыз су тапшылығы және т.б. мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының алаңында филиал жанындағы қоғамдық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов Жол картасының әр бабы бойынша нақты қанша қаражат қарастырылып, оның қандай мөлшері игерілгенін, іс жүзінде қандай нәтижеге қол жеткізілгені, яғни іс-шаралар орындалысының толық есебін алу мақсатында қатарынан бірнеше отырыс өткізуді ұсынды.

Отырысқа онлайн режимінде қатысқан «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, «Ecojer» қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің тең төрағасы Рашит Мұстапаев "Жол картасы" қоғамдық бақылауға алынғандығы жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Серікбай Трұмовқа, осы отырыстың хаттамасын жалғап, ресми хат жолдауды ұсынды.

Іс-шараға қатысушы Қазақстан тәжірибеші экологтары қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова да бірқатар ұсыныс білдірді.

Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңес мүшесі, Маңғышлақ эксперименталды ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева 2000-шы жылдары мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, облыс аумағында бірқатар жерасты су ұңғымасы жабылып қалғанын сынға алып, соңғы жылдардағы қуаңшылық жағдайы сол сауатсыз әрекеттің салдарынан болуы мүмкін деген ойын жеткізді. Өз сөзіне дәлелдеме ретінде сарапшы сол ұңғымалар жабылмастан бұрынғы және жабылғаннан кейінгі өсімдік жамылғысының жай-күйін мысал ретінде келтірді. Бұл жер бетіндегі судың азаюы биолауантүрліліктің жағдайына кері әсерін тигізгендігін көрсетіп отыр.

Қоғамдық экологиялық кеңестің тағы бір мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Тасболатова Мұнайлы ауданындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының шешілмей жатқанын тілге тиек етті. Халық қалаулысының айтуынша, егер бюджеттен тиісті қаржы бөлінетін болса, халық саны жағынан еліміздегі ең үлкен ауданда қоқыс мәселесі шешімін табар еді.

Сонымен қатар жылдар бойы ушығып тұрған «Қошқар-Ата» көлін рекультивациялау және Шетпе ауылының маңындағы тас каръерлерінің ауаны шаңмен ластауы мәселелеріне де қоғам белсенділері тарапынан назар аударылып, нақты шаралар қолдану жөнінде халық атынан мемлекететтік органдарға талап қойылды.

Бұдан бөлек Ақтау қаласының іргесінде орналасқан, құстың Қызыл кітапқа енген 22 түрі мекендейтін Қаракөл көлінің мәселелері де жылдар бойы шешімін таба алмай жүргендігін Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қозыбақов бұл жолы да қозғады. Халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптардың Рамсар тізіміне енуге лайықты Қаракөл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына 2020 жылдың күзінде хат жолданыпты. Алайда күні бүгінге дейін бұл мәселе оң шешімін таппай отыр.

Өзгелердің жаңалығы