Маңғыстауда азық-түлік қорын молайтуға 1 млрд-тан астам теңге бөлінді

10 Сәуір 2020, 16:10
1603
Бөлісу:
Маңғыстауда азық-түлік қорын молайтуға 1 млрд-тан астам теңге бөлінді

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Бұл қаржы бүгінгі таңда "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының есеп-шотына түсті.

Аталған компания 1 млрд 63 млн теңгенің 850 млн теңгесін азық-түлік өндірушілер мен жеткізушілерге, сондай-ақ көтерме сауда бәсімен ұсынушыларға займ түрінде беру үшін келісімшарт жасақталған. Қалған 380 млны отандық жеткізушілерге әлгі займдарды беру тетіктері үшін жаратылады. 

Корпорацияның басқарма төрағасының айтуынша, 380 млнның 244 млн теңгесіне келісімшарттар жасақталған. Сондай-ақ, 130 млн теңге қаржыға жасақталатын осы тектес құжаттарға жақын күндері қол қойылады. 

Бұл келісімшарттар кәсіпкерлерге нарыққа азық-түліктерді жеткізуге, яғни өндірушілерге өнім өндіруге арналған шикізаттарды сатып алуға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының бағасы тұрақталады. 683 млн теңге - қоймаларды толтыру үшін тікелей сатып алуларға арналған қаржы. Басқаша айтсақ, осы қаражат тұрақтандыру қорын құру және 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алу үшін жұмсалады, - дейді Абзал Меңдібаев.   

Бұл тізімде картоп, сәбіз, жуа, қырыққабат, өсімдік майы, қант, сары май, ұн, майлылығы 2,5%-тік сүт, тауық еті, макарон өнімдері, күріш, жұмыртқа тағы басқа тағамдар бар. 

Қазір жергілікті базарлар мен дүкендерге 37 тонна қант, жиырма тонна сары май, 60 тонна ұн, 644 тонна картоп, 120 тонна сәбіз, 182 тонна пияз, 35 тонна өсімдік майы, 15 тонна сүт, 10 тонна макарон өнімдері мен 150 тонна қырыққабат сатып алынып жеткізілді. 

Жуық арада тағы 52 тонна макарон өнімдері, 266 тонна тауық еті, 564 тонна бірінші сұрыпты ұн, 185 тонна өсімдік майы, 209 тонна күріш, 344 тонна қант, әрқайсы 5 тоннадан сүт, сиыр еті мен тұз, сондай-ақ 200 мың дана жұмыртқа қоймаларға жеткізілмек. 

Біз тұрақтандыру қорын кемінде 10% азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Ұн, макарон өнімдері, өсімдік майы, қант жеткізілуі бойынша бірнеше келісімшарт жасақталды. Бір атап өтетіні - қант бойынша ішкі нарық жеткілікті көлемде қамтылмаған. Әр аймақ алдымен өзін қамтамасыз етіп алып, содан кейін өзге өңірлерді қамтуға тырысады. Сондықтан біз тиісті жеткізушіні Белоруссия елінен таптық. Енді жеткізу сол жақтан болады. Бұл, жұмыс бір күнде бетпейді. Ол ұдайы түрде жүзеге асырылатын болады, - дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов. 

Айта кетейік, облысқа қарасты екі қала мен бес аудан әкімдіктеріне азық-түлік бағасы мен әлеуметтік маңыздағы азық-түлік қорына үнемі талдау жүргізіп отыру тапсырылған.

Өзгелердің жаңалығы