Маңғыстауда 500 мың кітап қоры бар жаңа кітапхана ашылды
23 Қараша 2021, 21:29 107

Маңғыстауда 500 мың кітап қоры бар жаңа кітапхана ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында озық үлгідегі әмбебап кітапхана ашылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

​Қабиболла Сыдықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына  облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы, профессор, дипломат әрі қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов, Қабиболла Сыдиықовтың зайыбы Гүлшат Сыдиықова, облыстық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

​Кітапханада 500 мың кітап қоры бар. Бұл облыстағы 66 кітапхананың әдістемелік орталығы болады. Ғимарат ішінде Тұңғыш президент залы, зағип жандарға арналған арнайы зал, интернет залы, шетел әдебиеті залы, балалар мен жасөспірімдер залы, коворкинг орталығы сынды 12 зал мен 5 оқу бөлімі жұмыс істейді. Кітапхана қоры жыл сайын толығып отырады. 


Шарада сөз алған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев оқырмандарды руханият ошағының ашылуымен құттықтап,  кітапхана ұжымының жұмысына табыс тіледі.

Кітап бар жерде рухани өмір бар. Біз көшпелі халық болсақта кезінде ауыз әдебиетімен қатар жазба әдебиеті де болған. Орхон енисей жазбаларымен Отырар кітапханасын кезінде бабаларымыз бізге мұра етіп қалдырған. Кітап - адамның рухани қазынасы. Ол солай болып қала береді, кітапхананың қажеттілігі жасына қарамай оқырмандар, қажеттілігіне қарай кітапханаға келіп кітап оқып, басқа да мағлұматтар алу бұл заңдылық. Себебі адам тәнін ғана емес жанын да байытуға ұмтылады. Көзқарасын, түсінігін, ой-өрісін кеңейтуге осы 500 мыңнан астам кітаппен арнайы кабинеттердің ықпалы зор болады деп ойлаймын,- деді облыс әкімі.




Фото: дереккөз
Загрузка...