«Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалі мәресіне жетті
17 Қараша 2021, 09:30 95

«Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалі мәресіне жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16 қараша күні Ақтауда облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалі қорытындыланды. Тасада жатқан таланттарды тауып, олардың жұлдызын жағуды мақсат тұтқан фестиваль биыл он екінші рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші қараша күні басталған фестивальға  қала, аудандардан екі мыңға жуық көркемөнерпаз қатысты. Олар халық аспаптарда орындау, халық аспаптар оркестрі, домбырашылар ансамблі, дәстүрлі ән, жыр, көркемсөз оқу, хореграфия жанры, классикалық музыка сынды 12 аталым бойынша бақ сынады. 

Елімізде баламасы жоқ фестивальдің ерекшелігі – байқауда кәсіби мамандар емес, қарапайым тұрғындар өнер көрсетті. Мерекелік кеште сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шараның маңыздылығына тоқталып, бұл фестивальдің мәдениеттің ғана емес, күллі елдің руханиятына қосылған зор үлесі екенін атап өтті.

Елбасының бастамасымен Тәуелсіздік жылдары рухани құндылықтарымызды қайта жаңғырттық. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары рухани өмірімізге жаңа серпін берді. Президент те өз жолдауларында елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатқанын айтып, айрықша баға берген болатын. Демек, «Маңғыстау жұлдыздары» секілді іргелі, жүйелі жүретін фестивальдер елдің дамуына серпін беретін тетік, – деді облыс әкімі.

Фестивальдің қорытындысы бойынша 100-ден астам жеке өнерпаз бен 43 шығармашылық ұжым дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Байқаудың бас жүлдесі 6 млн теңгені Маңғыстау ауданының өнерпаздар ұжымы иеленді. Арнайы жүлде 1 млн теңгені Ақтау қаласының өнерпаздары алса, қалған қала мен аудандарға 800 мың теңгеден табысталды. Бұл қаржылай сыйлықтар аудан, қалалардағы  мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.


Фото: дереккөз
Загрузка...