Бас жаңалықтар
Маңғыстау туризмін дамыту арқылы 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар
05 Қазан 2021, 11:25 3105

Маңғыстау туризмін дамыту арқылы 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов хабарлады. 

Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аясында қарастырылған халықты жұмыспен қамту шараларына тоқталды.

Министрдің айтуынша, облыста 720 мың тұрғын бар, оның ішінде 399 мың адам еңбекке қабілетті жаста көрінеді. Жұмыс күшінің саны 324 мыңнан астам адамды құрайды. 308 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды (жалдамалы қызметкерлер – 291,4 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 17,1 мың адам). Жұмыссыздардың үлесі 4,9%-ды құрайды.

Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 167 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымның 55 объектісі, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтың 39 объектісі, 27 өнеркәсіптік объект, туризм саласының 31 объектісі бар. 2025 жылға дейін өңірде 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 25 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деді Серік Шәпкенов.

Министр сондай-ақ ағымдағы жылғы 22 қыркүйекте Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапары барысында 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында Маңғыстау облысында 18 жаңа мектеп және Ақтау қаласында 4200 орындық жаңа үлгідегі 6 заманауи мектеп салуды тапсырғанын еске салды.

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2 мың оқушыға арналған 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Ақтау қаласында КОС-1-ден КОС-2-ге дейінгі кәріз коллекторының және «жылы жағажайға» су құбырының құрылысы бойынша жобалар басталып, іске асырылуда. Бұл жобалар өңірде жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ туризм саласында қосымша 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Үкіметте Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді даму жоспары қабылданғаны туралы жазған болатынбыз.


Фото: дереккөз
Загрузка...