Маңғыстау облысында жыл басынан бері 26 кәсіпкердің құқығы қорғалды

5 Сәуір 2021, 19:28
1244
Бөлісу:
Маңғыстау облысында жыл басынан бері 26 кәсіпкердің құқығы қорғалды
Фото: автордан

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы өңірлік Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мәлім етті.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімінің басшысы Асылбек Жарылғасовтың айтуынша, осы жылдың алғашқы үш айында бизнес өкілдерінен 67 өтініш келіп түскен.

Оның ішінде бизнесті қорғау бағыты бойынша 32 өтініш қабылданып отыр. Оның 26-ы толық қанағаттандырылды. Жалпы маңғыстау кәсіпкерлерден – мемлекеттік сатып алу, жер мәселелері, салық салу және берешек соманы өндіріп алуға қатысты сауалдар жиі қойылады. Біздің араласуымызбен жалпы сомасы 28 млн 439 мың теңгені құрайтын кәсіпкерлік жобалар қорғалды. Өзіңіз білесіз, биыл аймақтық кәсіпкерлер палатасының өңірлік мәселелер реестріне республикалық маңызға ие бес мәселе енгізілгені барлығымызды да қуантып отыр, - деді ол.

Асылбек Жарылғасовтың айтып отырғаны, Маңғыстау ауданының Таушық ауылында орналасқан кен орнынан тұрғын-үй құрылысы тасын өндіру үшін жер учаскесін рәсімдеу, бизнес субъектілерінің авариялық бронь алуына субсидия бөлу, сондай-ақ «Саламатты ел» қоғамдық қорының жұмысы мен көгілдір отын тарифтері және төленген салықтар көрсеткішіне қатысты ұзақ жылдар оң шешімі табылмай келе жатқан мәселелер.

Айта кету керек, жыл басталғалы бері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңес мүшелері бес рет бас қосып, жиын өткізді.

Басқосуларда мемлекеттік мүлікті пайдаланғаны үшін жалдау ақысы бойынша аударымдар алу, субсидия ала алмауға байланысты арыз-шағымдар, жүрмелі жәрмеңкелерді ұйымдастырудың тоқтап қалуы, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту бағытында кәсіпкерлік субъект иелері көтерген өзекті сұрақтар қаралды.

Өзгелердің жаңалығы